«Қыс-2024»: құтқарушылар қысқы маусымға дайын
Биыл аймақта 76 бірлік жоғары өтімді және инженерлік техника қар құрсауынан құтқаруға әзір. Сонымен қатар, ұзындығы 574 шақырым болатын 590 қарлы учаске күшейтілген бақылауға алынды. Қысқасын айтқанда, өңірдегі барлық авариялық-құтқару қызметтері қысқа сақадай сай. Олардың дайындығын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиынында тексерді.
Биыл оқу-жаттығу жиыны «Шахтер» стадионының жанында өтті. Оған полиция бөлімшелері, автомагистральдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жол ұйымдары, әскери-құтқару қызметтері мен «Апаттар медицинасы» орталығының қызметкерлері қатысты. Жалпы, құтқару жұмыстарына барлық жерүсті көліктері, вахталық автомобильдер жұмылдырылмақ.
Төтенше жағдайлар және облыстық Азаматтық қорғау қызметтері департаментінің автопаркі жыл сайын республикалық және жергілікті бюджет есебінен жаңартып отыратын.
Сол дәстүрден жаңылмай жақында ғана жол талғамайтын және батпақты жермен жүре алатын жоғары өтімді техника сатып алған. Аталған техникалар іздеу-құтқару жұмыстары барысында адамдарды эвакуациялау үшін қолданылады.
– Қазір барлық құрылымдардың дайындығына тексеру жүргізілуде. Қыста әртүрлі төтенше жағдайлар туындауы мүмкін. Әсіресе, облыс арқылы өтетін «Алматы-Екатеринбург» республикалық тас жолында авариялық-құтқару жұмыстарына дайын болуымыз керек. Біз құтқару жұмыстарына бес мыңнан астам адам мен мыңнан астам техниканы тарта аламыз. Өткен жылы тек жолдарда мыңнан астам адам құтқарылды, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев.
Сонымен қатар, 19 жылыту пункті мен алты трассалық медициналық-құтқару пунктінің жұмысы ұйымдастырылды. Төтенше жағдайда жол бойындағы сервистің 300-ден астам нысаны жұмыс істеп тұр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz