Қыруар қаржы құйылады
Қысқы Универсиада ойындарының арқасында қазынаға қыруар қаржы құйылмақ. Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕКТІҢ айтуынша, бүгінге дейінгі құрылыс жұмыстарынан-ақ бюджетке 9,7 млрд. теңге салық түскен.
Сейсенбідегі Үкімет отырысында шаһар басшысы Универсиададан түсетін кіріс сомасының бірқатарын жария етті.
Спорттық нысандар құрылысы барысында 30 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Соның нәтижесінде, 9,7 млрд. теңге салық төлемдері жиналыпты. Қазіргі таңда жаһандық доданың дайындық шараларына 220-дан астам кәсіпорын жұмылдырылуда. Мұнда 5 мыңның шамасында адам еңбек етеді. Жұмысқа тартылғандардың 80 пайызы – жергілікті тұрғындар.
Табыс көлемі жарыстар басталған сәттен еселене түспек. Алдын ала жасалған есепке сәйкес, Алматыға келген әр турист күніне шамамен 245 АҚШ долларын жұмсайды. Сөйтіп, 5 мың шетелдік қонақ бес күн ішінде шаһардың шағын және орта бизнесіне 2 млрд. теңгеден артық кіріс кіргізеді.
Бұдан бөлек, «Атлеттер ауылына» орналасқан әр құрама 1 млн. еуро жамбаспұл төлейді. Универсиадаға 59 ел қатысатынын ескерсек, бұл – аз қаражат емес.
Және қаладағы 8 қонақүй лық толады деп күтілуде. Аталған нысандарда халықаралық спорт федерациясының өкілдері орын тебеді.
Сондай-ақ, Бауыржан Байбек Универсиада кезінде техникалық, санитарлық және экологиялық нормаларға сай емес көліктер қалаға кіргізілмейтіндігін мәлімдеді. Яғни, техникалық ақауы бар, лас және қоршаған ортаға зияны мөлшерден тыс көліктер қалаға кіреберіс қақпалардан қайтарылады.
Қаладағы денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылған. Бұл мақсатта 25 емхана, 8 стационар, 215 жедел жәрдем көлігі мен 370 медицина қызметкері арнайы дайындықтан өтті.
Денсаулығы сыр берген жандарға жәрдем беруде тікұшақтар пайдаланылмақ. Екі аурухана базасында тікұшақ алаңдары тұрғызылды.
Универсиадаға қатысушыларға 519 көлік қызмет көрсетеді. Қолданыстағы 28 автобус бағдарына қосымша 18 бағдар ашылады. Бұл қоғамдық көліктер Орталық стадион, «Саяхат» автобекеті және Алматы-1 теміржол вокзалынан қатынайды.
Қаладағы бірнеше базар екі күнге жабылады. Универсиада басталатын – 29 қаңтар және аяқталатын – 8 ақпан күндері 9 ірі базар қызмет көрсетпейді. Мектеп оқушыларына қосымша демалыс беріледі. Нәтижесінде, көшелердегі жүктеме 30 пайызға кеміп, қала қонақтарының еркін жүріп-тұруына қажетті жағдай жасалмақ.
Нұрқанат ҚАНАФИН