Руханият

Қыран қанатты Хиуаз

От пен жалынға оранған 1418 күн мен түн… Оның әр минуты, әр сағаты қауіп-қатерге толы болғанын сол жылдары қолына қару алып, Отан қорғауға аттанған майдангер ағаларымыз бен апаларымыз жақсы біледі. Жеңіс оңай келген жоқ. Жұдырықтай жұмылып, анталаған жауға қарсы тұра білгеннің арқасында ғана мүмкін болды. Асқан ерлік көрсетіп, Жеңіс күнін жақындатқандардың ішінде қазақстандықтар да көп еді. Жазушы Илья Эренбург «Қазақтар» публицистикалық мақаласында: «Біз шабуылға шығып едік. Қоңыр түсті жауынгерлер бізге қарсы ұмтылды. Олардың қасарысып алысқаны сонша, біз шыдай алмадық. Бізде бір үрей пайда болды да, кейін шегіндік. Кейін бізбен соғысқандар қазақтар екендігін айтты. Мен бұрын мұндай халық бар екенін білмейтін едім» деп тұтқынға түскен бір фашисттің сөзін келтіреді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ұшқыштарымыз майданның алғашқы сағаттарынан-ақ, ұрысқа кіріскен. Ұшақтар әуе шекарасын қорғау үшін ұшады. Ерлік пен қаһармандықтың теңдесі жоқ үлгісін көрсеткендердің алдыңғы шебінде ұшқыштар жүреді. Жалпы, бұл соғыста жаужүрек 2420 ұшқыш Кеңес Одағының Батыры атанған. Даңқты ұшқыштардың қатарында жерлестеріміз де аз болған жоқ. Қазақстаннан майданға аттанған мына ұшқыштар Кеңес Одағының Батыры атағын алған: Талғат Бигелдинов, Нұркен Әбдіров, Николай Должанский, Спартак Маковский, Костантин Малин, Николай Маркелов, Вячеслав Медноногов, Гумер Миннибаев, Евгений Михайленко, Григорий Михеев, Василий Москованко, Плис (ұлты қазақ) Нұрпейісов, Иван Омигов, Лев Рощин, Николай Самароков, Федр Самонов, Петр Теряев, Евгений Токмоков, Григорий Черкашин, Петр Шевцов. Қызығы сол соңғы аталған әуе қыраны қазақстандық ұшқыштардың арасынан алғашқы болып 1937 жылы 22 қазанда Испания жерінде фашизммен күресте көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған әрі Ұлы Отан соғысына қатысқан. Солардың қатарында араға ұзақ жылдар салып барып ұлы ерлігі мойындалған Бақтыораз Бейсекбаев пен Хиуаз Доспанова бар («Егемен Қазақстан». 2005, 16 ақпан).

Хиуаз Қайырқызы Доспанова – 15 мамыр 1922 жылы Гурьев (Атырау) облысы, Ганюшкино (Құрманғазы) селосында дүниеге келген. Хиуаздың замандастары барынша арманшыл болатын. Мәселен, америкалық Чарльз Линдберг Атлантикадан Еуропаға қонбай ұшқаны сол еді, кеңестік ұшқыш Валерий Чкалов Еуропадан Америкаға Солтүстік по люс арқылы ұшып барып, одан да асып түсті. Сондықтан да болар, сол кездегі бала атаулы «Чкалов боламыз» деп армандады және соған ұмтылды. Солардың бірі Орал қаласындағы №1 мектепте оқитын Хиуаз Доспанова еді. Ол да өзінше ұшқыш болуды армандады. Бірақ, Чкалов секілді бола алмаймын-ау, ол ер адам ғой деп өкініп жүргенінде, Валентина Гризодубова, Галина Осипенко және Марина Раскова үшеуі Мәскеуден Қиыр Шығысқа дейін қонбай ұшып, Хиуаздың «ұшқыш болсам» деген арманын шыңдай түсті. Енді Хиуазға еліктейтін адам табылды. Балалар: «Чкалов боламыз» десе, қыздар: «Раскова боламыз» дейтін болды. Сол арман Хиуазды қаладағы аэроклубқа алып келді. Жақсы оқитын, жігерлі де белсенді қыз 1940 жылы мектепті үздік бітіріп, аттестат пен қоса запастағы ұшқыш деген куәлік те алып шығады. Сөйтіп, Мәскеуге жол тартып, Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түсуге тырысады, бірақ, жолы болмайды. Бұған жасымаған Хиуаз Мәскеудің №1 медициналық институтына оқуға түседі. Сабақты жақсы оқумен қатар, ол спорттық гимнастикамен де айналысып, әрі қоғам жұмысына белсене қатысады. Бір жыл өте шығып, жазғы сессия басталады. Каникулға енді-енді шығайын деп тұрған күндердің бірінде соғыс басталады. (1941 ж. 22 маусым.)

Елін сүйген патриот қыз өзге құрбылары секілді демалыста үйіне кетпей Мәскеу қорғанысына қатысу жұмыстарына қалады. 1941 жылдың қыркүйегінде Мәскеудің оқу орындарында жаңа оқу жылы басталады. Ақылы, парасаты биік Хиуаз бүкіл ел соғысқа аттанып жатқанда өзінің алаңсыз жүріп, сабақ оқи алмасын біледі. Майданға сұранып, медбике, тым болмаса санитар болып кеткісі келіп жүрген бір күні атақты Марина Раскованың қыз-келіншектер авиаполкін құрғалы жатқанын естиді. Хиуаз алдыңғылардың бірі болып атақты М.Расковаға келеді. Өтініші құпталып, полкқа қабылданады. Сөйтіп, Хиуазды Саратовтың әскери-әуе училищесіне жібереді. Мұнда штурмандар дайындайтын сыныпты аяқтап, 1942 жылдың көктемінде авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау позицияларын бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады. Полктің командирі, аға лейтенант Е.Вершанская болатын (Тарихи тұлғалар. А.,2008. 356-357-б).

Хиуаз қызмет еткен полк Оңтүстік майданда Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысады. По-2 деп аталатын жеңіл, бомбалағыш ұшақтардың міндеті алдын ала белгіленген жау құрамалары шоғырланған жерлерді бомбалап қайту еді. Штурман ретінде Хиуаздың жұмысы ұшақты нысана үстіне дәл әкеліп бомбалау еді. Сонымен бірге, ұшаққа жау истребителі шабуыл жасаса, пулеметтен оқ борату. Ал, егер, ұшқыш командир жараланса, не оққа ұшса, өз кабинасындағы штурвалмен ұшақты да басқару. Міне, сондықтан да штурманның ролі ерекше болды. Әр адамды тәнті етіп, еріксіз бас игізетін ұшқыштардың қайрат-жігеріне елі шын сүйсінеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік пен шайқасқан қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспановаға 2004 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Халық Қаһарманы атағының берілуі осы шын сүйіспеншіліктің көрінісі. 20 жасында-ақ, соғысқа өз еркімен сұранып кетіп, бомбалаушы ұшағымен соғыстың ақырына дейін жаумен шайқасып, жеңісті жақындата түскен. Түнгі бомбалаудың тың тәсілін өмірге әкеліп, жаудың жанын түршіктірген шынашақтай қазақ қызының жау тылына жасаған 300-ден аса әуе шабуылы тұтас ерліктің құймасы тәрізді. (Айбын. Энциклопедия. А.,2011. 276-б).

14 рет ұшағы құлдилап жерге құлаған, аяқ- сүйектері быт-шыт болып екі мәрте ауыр жарақат алған. Бірақ, соның бәрінен де аман қалған қыз әуеге қайта көтерілген. Ұшқыштың әскери сапары ылғи сәтті бола бермейді. Хиуаз Доспанова өз естелігінде осындай бір оқиғаны былайша еске алады: «Стояли мы в Краснодаре, работали на ст. Крымская. Погода была жуткая. Немцы свирепствовали. Пошли на цель, отбомбились, идем обратно, своего аэродрома не видно, я говорю Юле (летчик Пашкова) «мигни огнями» только мигнули, за нами истребитель противника. Преследовал до аэродрома. Мы быстрее на посадку и тут опять катастрофа – столкнулись два самолета. Помню треск, шум, попыталась вылезти из самолета и упала без сознания. Оказывается, у меня было шесть переломов в ногах. Долго была без памяти, кричала Юле. Пролежала шесть месяцев на спине, глаз тоже не видел. Свет не мил. К самолету питала отвращение. Меня хотели перевезти из одного госпиталя в другой на самолете. Я в слезы не хочу на самолете… Смерть Юли Пашковой, а также Дуси Носаль от меня скрывали. Врачи уговаривали, что поправлюсь, отдохну и буду заканчивать институт. О том, чтобы я попала в полк, не могло быть и речи. Когда я почти совсем поправилась, Галя Докутович рассказала мне о гибели девушек. После поправки я настояла пойти опять в полк и летать. Должна отомстить за погибших девушек, чувство долга перед погибшими девушками заставляло меня летать. Из кабины я не вылазила, сделаешь 5-6 вылетов, не выходя из самолета потому что больно ногам, в кабину подсаживали. После катастрофы я сделала еще 100 вылетов» (Женщины Казахстана и Великая Отечественная война: 1941-1945. Караг., 2020. 182-183.ст. ).

Кавказ, Қырым майдандарындағы шайқас барысында, қыз-келіншектерден жасақталған авиаполк үкіметтің жоғарғы марапаттарына ие болды. Алдымен оған «гвардиялық» деген атақ берілді, сосын «Тамань», артынан оның туына «Қызыл Ту», Суворов ордендері қадалды. Немістер бұл авиаполкқа «Түнгі мыстандар» деген ат берді. Соғыстағы ерліктері үшін Хиуаз «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Соғыстан екінші топтағы мүгедек болып оралған Хиуаз мединститутқа қайтып келіп, оқуын жалғастырмақ болады. Бірақ, тағдыр оған басқа жолды жазыпты. Майданнан қайтқан қаһарман қызбен әңгімелесіп отырып, оның бойындағы қажыр-қайрат пен ақыл-парасатын байқап қалған сол кездегі Орал обкомының бірінші хатшысы Мінайдар Салин оны қоғамдық қызметке шақырады. Сөйтіп, өзі туған облыста нұсқаушы болып жүрген Хиуазды обком келесі жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебіне оқуға жібереді. Аталмыш оқу орнын үздік бітірген ұшқыш қызды үкімет Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындайды. 1951 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Жоғарғы Кеңес Төралқасының хатшысы, Алматы қалалық партия комитетінің 2-хатшысы қызметтерінде болды. «Халқым үшін» (1963), «Под командованием Расковой» (1965), т.б. кітаптары жарық көрген. (Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. А.,2006.207-б.).

Қазақстандықтар өз Отанының қаһармандық жолын заңды мақтаныш етеді. Өткен сұрапыл соғыс жылдарында Қазақстан еңбекшілері жеңіске зор үлес қосты. «Правда» газетінің 1943 жыл 6 ақпанындағы «Даңқты қазақ халқы Кеңестік Отан үшін күресте» деген бас мақаласында: «Қазақтар майданда жауға қарсы жақсы ұрысады; тылда олардың әкелері, аналары, әйелдері майдан үшін аянбай еңбек істейді. Қазақстан өз жерінің барлық асыл кендерімен майданға қуатты тірек болып отыр. Қазақстан кеңес адамдарына жақын және қымбатты. Бізде қазақтардың турашыл, ашық, ерлік жүрегін, кішіпейілдігін, адалдығын жақсы көреді» деп көрсетті. (М.Қозыбаев. Ақтаңдақтар ақиқаты. А.,1992.144-б.).

Соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың ерлік салты бүгінгі Қазақстанның Қарулы Күштері қатарында қызмет етіп жүрген жас ұрпақтың азаматтық арына медет болып, асыл арманына қанат бітіреді.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ, тарихшы

Басқа материалдар

Back to top button