Руханият

Қырғызстанда өткен XV халықаралық айтыста жерлесіміз Айтбай ЖҰМАҒҰЛ Бас жүлде алды

Айтыс – қазақтың өзіндей күрделі өнер. Онда халықтың мұң-зары да, қуанышы да бар. Қасиетті Арқа жерінің айтыскер ақындары қазақ айтысында тапқырлығымен, ойының тереңдігімен, әуен-мақамының бөлектігімен ерекшеленеді. Бішкек қаласында өткен Қырғыз Республикасының Егемендік күніне орай төкпе ақын, манасшы Замирбек ҮСЕНБАЕВТЫҢ 70 жылдығына арналған XV халықаралық айтыстың Бас жүлдесі жерлесіміз Айтбай ЖҰМАҒҰЛҒА бұйырды. Бұл Қарағанды жұртшылығының ғана емес, түгел Алаш баласының мерейін өсірген жеңіс болды.

Манас жыры – мазмұн байлығы, көлемі мен көркемдік жыр кестесі жағынан да әлем халықтары әдебиетінің алтын қорынан ойып тұрып орын алатын батырлық эпос. Манас батырдың дүниеге келгенінен бастап, бүкіл үрім-бұтағымен жалғасқан батырлық, ерлік дәстүр қосыла жырланатын эпостық жыр үлгісі
– тек қырғыз халқының ғана емес, күллі түркі халықтарының тарихы мен салт дәстүрінен, рухани әлемінен мол мағлұмат беретін энциклопедия тектес мұра. Онда қазақ халқының тарихына қатысты оқиғалар да кеңінен қамтылып отырады, қазақ жырларымен сарындас тұстар да жетерлік. Замирбек Үсенбаев сол өлмейтін жырды көптеген жылдар бойы жырлап, екі елге бірдей рухани нәр сыйлап келе жатқан қырғыз мәдениетінің ірі тұлғасы. Оның мерейтойына орай еларалық айтыс өткізгенінен-ақ, оның қырғыз халқы үшін қадір-қасиетінің қаншалықты биік екенін аңғаруға болады.

Қырғыз Республикасының Мәдениет, мәлімет, спорт және жастар саясаты министрлігі, Қырғыз Ұлттық «Манас» театры, республикалық «Айтиш» қоғамдық қоры бірлесе ұйымдастырған қырғыз-қазақтың қос бәйге айтысы өте жоғары деңгейде өтті. Оған екі елдің кілең ауызымен құс тістеген от ауызды, орақ тілді айтыскер ақындары қатысқан.

Қос бәйге айтысының шарты бойынша қазақтан 8 ақын, қырғыздан 8 ақын бақ сынасты. Қырғыз елінің намысын Асылбек Маратов, Женишбек Жумакадыр, Азамат Болғонбаев, Амантай Кутманалиев, Мамбет Акын, Акматбек Султан уулу, Баян Акматов, Чыңгысхан Кожошов қорғаса, қазақ елінің атынан Айтбай Жұмағұл, Аспанбек Шұғатаев, Біржан Байту, Мұрадым Мирланов, Сырым Әуезхан, Данияр Алдаберген, Алтынбек Ибрагимов, Айшолпан Тілеутай қатысты. Осындай кіл дүлдүлдің ішінен татымды сөз тауып айтып, топ жарып шығу оңай емес.

Қырғыз ақындарының арасында да елімізде өтетін түрлі айтыстарға қатысып, жүлдегер атанып жүрген саңлақтар бар.

Қос бәйге айтысының бір ерекшелігі екі елдің атынан қа- тысқан ақындар бір-бірімен сөз сайыстырады. Ал, марапаттау реті де қос-қостан жүргізіледі. Мәселен, Бас жүлде екеу болса, бірі қырғызға, бірі қазаққа. Қалған орындарға үміткерлер де солай іріктеледі.

Сөз аламанын әлеуметтік желі арқылы тамашалап, тақым қысып отырдық. Шындығында, Айтбай ағамыз суырыпсалып, ғажап айтыс көрсетті. Әлеуметтік проблемалардың атын атап көрсетіп, оны шешудің жолдарын да нұсқап отырды. Екі елдің бірлігін жырлағанда Айтбай ақынға тең келетін ешкім табылмады. Аңыратты-ай кеп…

Айтбай ақын өзі болмысы аңқылдақ, «Елім-жерім!» дегенде емешегі үзіліп тұратын өте патриот азамат қой. Талай дүбірлі кештерде тарихи тұлғалар жайлы айтып тұрып, көзіне жас алғанын да көргенбіз. Бұл оның иманының беріктігін, азаматтық ұстанымының мықтылығын, тектілігін, өнерге адалдығын аңғартса керек. Сөйлеген сөзі табиғи болмысымен үндес, үнемі елді жақсылыққа, бірлікке шақырып жүреді. Осы бір ерекше қасиеті Алатаудың арғы жағындағы аламанда оны сөз майданының асқақ шыңына көтерді. Нағыз халықтың баласы екендігін, шынайы суырыпсалма ақын екенін миллиондаған жұрт көріп, таңдай қақты.

Шашубай, Доскей сынды небір жүйріктерді туғызған Арқа топырағынан шыққан Айтбай ақынның осал болуға да хақы жоқ. Бүгінде оның шәкірттерінің өзі жеке-дара таланттарға айналған. Айтбай Жұмағұл мен Женишбек Жумакадыр айтулы айтыстың Бас жүлдесін жеңіп, екі ел арасындағы бірлік пен ынтымақты, мәдени тамырластықты нығайтуға үлес қосты.

«Қалайша қуанышымды жасыра аламын,
Ағайын абыройыңды асыра аламын.
Бүгін міне, Бас бәйге алып тұрмын,
Тойында Замирбектей асыл ағаның.
Тілеймін Егемендіктің мәңгілігін,
Тілеймін өр рухымның жасымағандығын,
Тілеймін Үсенбаевтың ғасыр амандығын» деп тебіренді Айтбай ақын Бішкек төрінде, бас бәйге алып тұрып. Осындай қым-қуыт заманда, бауырлас екі елдің бірлігін жырлап, алапамызды асырған Айтбай ақынға толағай шығармашылық табыс тілейміз!

Жәлел ШАЛҚАР.

 

Басқа материалдар

Back to top button