Ынтымағы жарасқан ұжым
Қарағанды қала мәртебесін алып, өндіріс өркендеп, халық саны арта бастаған сонау отызыншы жылдары құрылған бірнеше медициналық мекемелер бар. Солардың бірі – облыстық тері-венерология диспансерінің құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр.
Егер тері ауруларымен күресетін мамандандырылған көмектің қажеттілігі қашан пайда болғанына тоқталар болсақ, оның тамыры ерте заманда жатқанын айтуға тура келеді. Жалпы Еуропа халқы венергиялық сырқаттың эпидемиясына Амарика жағалауларынан әйгілі саяхатшы Колумбтың теңізшілері қайтып оралған уақытта ұшыраған екен. Сол заманда емдік дәрі-дәрмектің жоқтығынан емдеуге келмейтін сырқаттар үшін хоспистер пайда болған. Мұндай шара алғашқы рет Венецияда қолданылыпты. Көп адамның өмірін қиған тері аурулары эпидемиясын тек қана ХVІ ғасырда тоқтатып, бақылауда ұстауға мүмкіндік туған. Бұдан кейінгі уақытта жаңа технологияның пайда болып, медицинада қомақты тәжірибе мен білімнің жинақталғанына қарамастан жыныстық жолмен тарайтын аурулар мүлдем жоғалып кеткен емес. Жобамен әрбір 20 жыл сайын әр елден бой көтеріп, бір дүрліктіріп тастайды. Қоғамда мынадай бір қате пікір бар. Венергиялық сырқаттың көбеюіне теріс мінез-құлықты адамдардың көп болуынан деген. Негізі ондайлардың саны тым аз. Ал, негізгі себептер мыналар: әлеуметтік катаклизм, соғыс, қоғамның өзгеруі кезінде моральдық құлдырау болып табылады.
Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары Қарағанды облысында таз ауруларын емдеуге қатысты проблема туындаған еді. Өндірісті өлкенің қауырт дамып, адамдардың көп шоғырлануы, санитарлық жағдайдың болмауынан қышыма, соз, мерез аурулары көп тараған болатын. Мұндай сырқаттардан әрбір бесінші адам зардап шеккен еді. Ол уақытта завод, фабрикалар көп салынып, тазалыққа көңіл бөлінбеді. Жұмысшылардың көбі барактар мен жеркепелерде тұрды. Осы кезде дәрігерлер дабыл қағуға мәжбүр болды. Соның нәтижесінде 1934 жылы Горбачев атындағы №67 шахтада медициналық учаскенің қасынан венерологиялық пункт ашылды. Осыдан бастап, тұрғындарға тері ауруына қатысты мамандандырылған көмек көрсетіле бастады. Бұдан кейін 1937 жылы Киров ауданының №2 руднигінде облыстық тері-венерология диспансер ашылып, жұқпалы тері ауруларымен күресетін ұйымдастыру-әдістемелік орталық құрылды. Сөйтіп, мамандандырылған мекемеде жыныстық жолмен жұғатын ауруларды емдеу, алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастады. Жаңа ашылған диспансерде 6 дәрігер, 10 фельдшер қызмет істеп, ауруханада 30 төсек-орын болды. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының Киров, Ленин аудандарында және бірнеше селолық аудандарда тиісті пункттер ашылды. Соғысқа дейінгі жылдары М.Чеканов басқарған «Майқұдықтың таз сырқатына қарсы балалар стационары» арнаулы ауруханасы ұйымдастырылды. Ал, соғыстан кейінгі жылдары Балқаш, Теміртау, Жезқазған қалаларында диспансерлер, селолық аудандарда кабинеттер ашылды. 1948 жылы облыстық тері-венерологиялық диспансері бірегей мекеме ретінде құрылып, оған Ұлы Отан соғысының ардагері, денсаулық саласының үздігі В.Кичикьян басшылық жасады. Осы уақыттан бастап диспансер Қарағанды медицина институтының клиникалық базасы болып танылады. Кафедраның алғашқы меңгерушісі доцент Н.Алеутский болып, оқытушылары В.Пришепов, А.Бароянц, Г.Қарсыбекова студенттерге сабақ берген. Кейіннен Гүлжан апай 1956-1974 жылдары кафедра меңгерушісі болып қызмет істеген. Г.Қарсыбекованы көптеген адамдар біледі. Ол кісі Ұлы Отан соғысының ардагері, Ленин орденімен марапатталған, денсаулық саласының үздігі.
1949 жылдан бастап диспансерге В.Прищепов басшылық жасады. Ал, 1960 жылы диспансердің бас дәрігері болып А.Бин тағайындалды. Ол мекеменің материалдық-техникалық базасының нығаюына көп еңбек сіңірді. 1963-1966 жылдары диспансерге Ұлы Отан соғысының ардагері И.Никулина басшылық жасады. 1966 жылдан бастап 15 жыл бойы диспансерге Г.Пеннер жетекшілік етті. 1981-1997 жылдары бұл емдеу мекемесіне А.Әменова басшы болды. Ал, 1997 жылдан бастап осы уақытқа дейін диспансердің бас дәрігері болып Қанат Шаматайұлы Садуақасов еңбек етіп келеді. Қысқаша айтқанда диспансердің құрылу тарихы осындай.
Бүгінгі күні диспансерде 103 орын-төсек, 15 арнаулы кабинет бар. Мұнда жоғары кәсіби 31 дәрігер қызмет істеуде. Мұнда ынтымағы жарасқан ұжым қалыптасып, облыс тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету ісі жақсы жолға қойылған. Диспансердің ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, материалдық-техникалық базасы нығайтылған. Осы заманғы емдеу, диагностика аппараттары алынып, емдеудің жаңа түрлері қолданылуда. Сонымен қатар, жұртшылық арасында түсінік жұмыстары жүргізіліп, жергілікті жердегі емханалармен тығыз байланыс орнатылған. Тұрғындарға кепілді тегін медициналық көмек көрсету жұмысы тұрақты жүргізілуде. Тері ауруларын асқындырмай бастапқы кезеңнен бастап анықтау жұмыстары жүйелі атқарылып келеді. Соның нәтижесінде жұқпалы тері аурулары соңғы уақытта біршама азайды.
Әрине, осындай бүкіл облыс тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін үлкен ұжымға соңғы 20 жыл бойы басшы болып келе жатқан Қанат Садуақасовтың еңбегі жайлы айтпай кетуге болмайды. Қанат Шаматайұлы – медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санаттағы дәрігер-дерматолог, әрі ұйымдастырушы. Қоғамдық жұмысқа да белсене араласады, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы, Қазыбек би аудандық ұйымының бюро мүшесі. Бірнеше медальдармен марапатталып, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі. Алматы медицина институтын 1979 жылы бітірген соң еңбек жолын Ульянов ауданының селолық ауруханаларында бастап, тәжірибе жинақтаған. Мичурин аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарған. Ең бастысы өз ұжымын шебер басқарып, кадрларды дұрыс іріктеп, диспансердің жұмысын жақсы ұйымдастырып келеді.
Диспансердің жұмысын ұйымдастыруда директордың емдеу істері жөніндегі орынбасары, денсаулық сақтау саласының үздігі Лариса Георгиевна Сприндис көп үлес қосып келеді.
Бүгінде бұл үлкен ұжымның бірнеше құрылымы бар. Соның бірі – поликлиникалық бөлім. Бұл бөлім эпидемияның алдын алу, профилактикалық жұмыстар атқарып, салауатты өмір салтын насихаттауда қыруар істер атқарып келеді. Поликлиникалық бөлімнің қызметкерлері түрлі жұқпалы тері ауруларына ұшыраған тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. Пациенттер осы заманғы емдеу тәсілдері мен қондырғыларды пайдалана алады. Сондай-ақ, осы бөлімде оперативті бөлімше жұмыс жасап, емдеуден қашатын мерез сырқатына ұшыраған адамдарды іздестіріп отырады. Поликлиникалық бөлімге әр жылдары И.Рузина, В.Нестерова, Т.Алимова, М.Бөлімбаева жетекшілік еткен. 2001 жылдан бері бұл бөлімді жоғары санаттағы дәрігер-дерматолог Г.Буликеева басқарып келеді.
Диспансердің тері аурулары бөлімінде үнемі жұмыс істейтін 38 орын-төсек бар. Мұнда 3 дәрігер, 8 медбике қызмет істейді. Бөлімге ұзақ жылдан бері жоғары санатта дерматолог А.Бекалова басшылық жасауда. Ал, венерология бөлімі 30 орын-төсекке есептелген. Мұнда жоғары санатты 2 дәрігер, 7 медбике бар. Бөлім меңгерушісі-жоғары санатты дәрігер Л.Жакупова. Сондай-ақ, мұнда күндізгі стационар жұмыс жасайды. Диспансерде үлкен клиника-диагностикалық лаборатория бар. Онсыз емдеу ісін ұйымдастыру мүмкін емес. Диспансерде 1997 жылы Қанат Шаматайұлы ұйымдастырған анонимдік бөлім жұмыс жасайды. Мұнда ақылы негізде сырқаттарды анонимді түрде емдейді. Түскен қаржыға осы заманғы медициналық жабдықтар алынып, қызмет сапасы едәуір артқан.
Қорыта айтқанда, өзінің 80 жылдығын атап өтіп отырған облыстық тері аурулары диспансері өзінің медицина саласындағы бай тәжірибесінің, қалыптасқан тату да кәсіби ұжымының арқасында тұрғындарға сапалы дәрігерлік қызмет көрсетуде. Ынтымағы жарасқан осы үлкен ұжымға біз де табыстар тілейміз.
Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.