Жаңалықтар

Ынтымағы жарасқан ел

1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні Қарқаралы қаласында ұйымшылдықпен аталып өтті. Осы күні қиын қыстау заманда пана іздеп келген әрбір ұлтты қанатының астына алып, қамқорлық танытқан кең жүректі қазақ халқы қашанда қарашаңырақ болғанын көпшілік көл-көсір тілегімен жеткізді.

Ұлық мерекеде аудандағы мекеме мен кәсіпорындар мерекелік көңіл-күймен шеруді бастады. Әр ұлттың киімін киіп, қасиетті қазақтың шаңырағын көтеріп, қызылды-жасылды гүл шоқтары мен түрлі-түсті шарларды ұстаған қалың жұрт өз өнерлерін көрсетті. Әсіресе, қандай мереке болсын үлкен жауапкершілікпен қарайтын қала басындағы мектептер бұл жолы да өздерінің ұжым-бірліктерін танытты. Мәди Бәпиұлы атындағы №44 мектеп ұстаздары мен оқушылары Қоянды жәрмеңкесінен үзінді қойды. Мәнді де мағыналы қойылымда белдескен балуандар, бір шетте асық ойнаған балалар, сондай-ақ, әдемі ән мен жәрмеңкенің көрігін қыздырған әншілер қауымы, тауарын жиналған қауымға саудалаған саудагерлер сол бір мезетті қайта жаңғыртты десе де болады. Сондай-ақ, ақ халатты абзал жандар да бұл шеруде шет қалмады. Мерекеге сай безендірілген жедел жәрдем көлігі мен облыс әкімі Ерлан Қошановтың қолдауымен берілген жол талғамайтын арнайы ауыр техникалары да шеру сапында болды. Күн райының қолайсыздығына қарамастан 30-дан астам мекеме қатысқан шеруде, еліміздегі айтулы мерекелер – Астана қаласының 20 жылдығы, Қоянды жәрмеңкесінің 170 жылдығы, Бұқар жыраудың 350 жылдығы паш етілді. Аталмыш шеруде көрініс тапқан ізгілікті істер сайып келгенде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бағыттарға басымдық берді. Қилы тағдырларды бастан өткерген қажырлы халық үшін тәуелсіздік ұғымы қасиетті. Еліміз егемендік алған тұстан бері ел бірлігінің бекем болуы жолында сүбелі үлес қосып келе жатқан еліміздің әрбір тұрғыны үшін елдің тыныштығы, ұлттардың достығы қашанда алдыңғы орында. Аудан әкімі Халел Мақсұтовтың жерлестеріне арнаған құттықтауы да осы мерекенің мәнін арттырып, маңыздылығын ұғындырды.
Сонымен қатар, Жер Ананы түлетіп, ынтымағы жарасқан елдің ырысын арттыратын ауыл еңбеккерлеріне жемісті еңбек, толағай табыс тіледі. Жиналған халыққа мерекелік көңіл күй сыйлаған шара қала басындағы мекемелердің «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты фестиваліне ұласты. Әр ұжымының ұсынған сазды бағдарламалары көпшіліктің көңілінен шықты. Бейбітшіліктің жаршысы атанған спорттық шаралар да сәтті өтті. Дзюдодан аудан біріншілігі жалауын көтерді. Орталық стадионда командалар арасында футболдан жарыс өрбіді. Аталмыш мереке аясында аудан бойынша халықтар бірлігін насихаттайтын түрлі тақырыптағы кездесу кештері мен кітап көрмелері ұйымдастырылды.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.
Сағыныш Әбілова

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button