Руханият

Қылқаламның құдіреті

Қарағандылық танымал суретші Олег Дроздов 60 жасқа толды. Кеншілер шаһарының 85 жылдығымен тұспа-тұс келген өнер иесінің мерейтойының құрметіне облыстық бейнелеу өнері музейінде суретшінің жеке көрмесі өтті. Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, өнерсүйер қауым қатысып, ыстық лебіздерін білдірді.

Олег Дроздов – қаламыздың әсем ғимараттары мен тас мүсіндерінің бой көтеруіне зор үлес қосқан суретші. Оның Қарағанды қаласына арналған бірнеше циклді шығармалар топтамасын көруге болады. Тіпті, қала мейрамханаларында суретшінің туындылары кеңінен таралған. Еңбектері көшелер мен мейрамханаға сән беріп тұрғанын ауыз толтырып айтса, артық емес.

Суретшінің қылқаламынан шыққан дүниелерге назар салсақ, шынайылықты байқауға болады. Майлы бояумен салынған туындылардың басым бөлігі қала көрінісіне арналған. Әр картинада қаланың тыныс-тіршілігі, өткені мен бүгіні бейнеленген.

  • Мен Қарағандыда дүниеге келдім, балалық шағым да осында өтті. Бұл – махаббатымды кездестірген, ұрпағымды өрбіткен мекен. Жылдан жылға көз алдымда өзгеріп, көркейіп келеді. Мен сүйікті қаламның әрбір өзгерістерін көрсеткім келеді, – дейді қылқалам шебері.

Автордың «Кешкі қала» көрінісіне назар аударып көрелік. Мұнда вокзалдың бұрынғы көрінісі көзіңді арбайды. Қазірде бұл вокзалдың келбетінен белгі қалмағанын ескерсек, көркем шығарма иесі осы жалғыз картинасымен-ақ уақытты уысыңызға қондырғандай әсерге бөлейді. Анау бір тұстан көкжиектің күрең түсі шаһар ғимараттарының төбесіне төңкеріле қалыпты. Дала төсіне төңкерілген аспан сәулелері қаладағы түрлі-түсті ғимараттарға құлап шағылысқанда, әдемі бояу жаулаған көшедегі адамдар мен көліктердің өзі өткен күннің елесімен келешекке керуен тартып бара жатқандай. Автор картинаны толқын бейнесінде салған. Бұл – уақыт көрінісі. Заман шындығымен көмкерілген уақыттың өзі. Қанша ғашық осы жерде қимай қоштасып, сүйгенін сағына қарсы алды десеңізші… Көзіне жас алып, ақ жаулықты ананың ұлын әскерге аттандырғанын осы картина еске түсіреді. Вагондар қайтып келгенмен, адамдар қайтып келмейді…

Қызарып батып бара жатқан күннің сәулесі қалаға да, кеңістікке де ерекше рең сыйлайды да, төңірек жалқынданып тұрғанымен, тіршілік тоқтамайды. Төбеден, яғни, осы картинадан қарағанның өзінде бәрін бір-бірімен үйлестіріп тұрған бір құдіреттің бары сезіледі. Уақыт бедеріне түскен әжім даналықтың елесіне жетелейді немесе әрі-бері ағылған көліктер тынымсыз қозғалысымен тербейді.

«Біз барлауда қызмет ете алдық, біз кинода түсе алдық» туындысында автобус ішінде иін тіресіп тұрған халықтың суреті. Автобусты мемлекет десек, сондағы бірнеше типтік образдар әртүрлі жайдан хабар береді. Атауына қарағанда картинаның өзінен қоғамдағы адамдардың жағдайы ашық бейнеленген. Терезеден түскен күннің бейнесі, қайнаған тіршілікті көрсетеді. Қу тірліктен шаршаған қара халық. Басты кейіпкерлер – нысанада. Айлакер мен тыңшы.

PS: Көрме Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде 22 қазанға дейін жалғасады.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button