Жаңалықтар

Құқықтық сала – жіті назарда

    Жуырда Қарағанды облыстық мәслихатының заңдылық және азаматтар құқығы жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Облыстық мәслихат хатшысы Серік ӨТЕШОВ, тұрақты комиссия мүшелері, облыс әкімдігінің өкілдері, кейбір қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиынды облыстық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Жанна ШТЕРГЕР жүргізді.

Күн тәртібіне сәйкес, тұрақты комиссия отырысында екі мәселе қаралды.

Бірінші мәселе Қарағанды облысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында атқарылған Жергілікті полиция қызметінің жұмысы төңірегінде өрбіді. Бұл жөнінде Қарағанды облысы ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Жалғасбай Жақаев баяндады.

– Биылғы жылы Жергілікті полиция құрылымдары үшін 103 автокөлік сатып алынды. Техникалық жабдықтау үшін 400 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ, 72 миллион теңге 27 учаскелік полиция пунктіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізуге бағытталды. Қазіргі күні жөндеу жұмыстарының негізгі дені аяқталды.

Алдағы жылы да 72 миллион теңгеге 29 учаскелік полиция пунктіне жөндеу жүргізу жоспарда бар. Дегенмен, учаскелік полиция пункттерін материалдық-техникалық жабдықтау ісіндегі өзекті мәселелер толықтай шешілмей отыр. Қолдағы бар кейбір жабдықтар тозған, жаңартуды қажет етеді, – деді Ж.Жақаев. – Негізі, Жергілікті полиция қызметінің облыс әкімдігі мен облыстық мәслихат тарапынан қолдау көруі нәтижесінде, ауқымды жұмыстар атқарылғанын да атап өтуіміз керек.

Осы жылы Жергілікті полиция қызметі облыс халқымен 1800-ден астам кездесу ұйымдастырған. Бұл шараларға қала, аудан, селолық округтер әкімдері, тиісті құрылымдар мен ұйымдардың өкілдері қатысқан.

Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алуға азаматтардың өздерін белсенді қатыстыру да жолға қойылған. Мәселен, «Сақшы сарбазы», студенттер отряды, қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Көршілер бақылауы» жобасы жүзеге асқан. Көше-көшедегі, аулалардағы қоғамдық тәртіпті бақылайтын камералардан бөлек, тұрғындар тарапынан да 500-ден астам бақылау камерасы орнатылған.

Жергілікті полиция қызметі мен Қарағанды және Теміртау, Жезқазған қалаларындағы жоғары оқу орындары арасында Әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылған.

Мектеп оқушылары арасындағы «Жол қозғалысының жас инспекторы» байқауы да дәстүрге айналған. Жас буынға құқық тақырыбындағы дәрістер оқылады. Білім беру мекемелерінде тәртіп сақшыларының қатысуымен мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп келеді.

Бұл – Жергілікті полиция қызметі жұмысының бір бөлшегі ғана болса керек. Бастысы, қылмыстар санының көрсеткіші төмендеген. Бірақ, құқық бұзушылық және қылмыстың саны әлі де азаймай тұрған өңірлер жоқ емес. Тізімнің басында – Шахтинск қаласы. Осакаров ауданындағы қылмыстық ахуалдың көрсеткіші де мәз емес. Оның ішінде, кісі өлтіру сияқты жантүршігерлік оқиғалар дерегі бар. Ал, Қарқаралы ауданында мал ұрлығы сейілмей тұрған сыңайлы.

Комиссия отырысында аталған қала, аудан басшыларының орынбасарлары да сөз алып, бұл кемшіліктерді жоюға бағытталған жұмыстарға тоқталды.

Негізі, Қарағанды облыстық мәслихатының заңдылық және азаматтар құқығы жөніндегі тұрақты комиссиясы кейінгі екі жылда Жергілікті полиция қызметінің жұмысын назардан тыс қалдырған емес. Депутаттар көшпелі жиындар өткізіп, Жергілікті полиция қызметінің нысандарымен танысты, тәртіп сақшыларымен тілдесті.

Бұл ретте, облыстық мәслихат хатшысы Серік Балғатайұлы заңдылық және азаматтар құқығының сақталуы қашанда өзекті екендігін айтты. «Жалпы, Жергілікті полиция қызметі ауқымды жұмыстар атқарған. Әлі де халықты не толғандыратынын жіті зерттеп, сараптама жасау керек», – деген ұсынысын ортаға салды.

Екінші мәселе – Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясы «Орталық» Өңірлік қолбасшылығының 5451 әскери бөлімінің тыныс-тіршілігі, қаржыландыруды қажет ететін мәселелері.

Бұл жайында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Сәбит Оспанов сөз алды. Сондай-ақ, 5451 әскери бөлімінің атқарған жұмыстары мен өзекті мәселелерін «Орталық» Өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Савердин Имиров жіпке тізді.

Әскери бөлімнің өзекті мәселелері, әсіресе, сарбаздардың қаладағы қоғамдық көліктерде жүріп-тұруына, әскери бөлімге қатынайтын жолдың жағдайына, әскерилерді жалдамалы баспанамен қамтамасыз етуді алға тартты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясы «Орталық» Өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақановтың шақыртуымен, өткен жылдың қараша айында облыстық мәслихат депутаттары 5451 әскери бөліміне ат басын тіреген.

Сапар қорытындысы бойынша әскери бөлім қызметкерлерінің тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатындағы іс-шаралар жоспары түзіліп, облыс әкімдігіне жолданған.

– Әскери бөлім қызметкерлері, жалпақ тілмен айтқанда, халықтың өмірі үшін отқа да, суға түсуге әзір. Мысалы, өткен жылдары Қарағанды іргесіндегі Көкпекті ауылы тілсіз жаудан зардап шеккенде 5451 әскери бөлімінің қызметкерлері «толарсақтан саз кешті». «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің ойдағыдай өткізілуіне де осы бөлімнің қызметкерлері бір кісідей атсалысты, – деді С.Имиров.

С.Имировтың айтуынша, аталған әскери бөлім қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсене атсалысып келеді. Талайдың өмірін құтқару мен қылмыстық істердің жолын кесуде де осы бөлім қызметкерлерінің еңбегі зор. Отан алдындағы қасиетті борышын өтеп жүрген сарбаздардың да осындай істердегі үлесін атап өту керек. Дегенмен, қалтасы жұқа сарбаздар қала ішінде көбіне жаяу жүруге мәжбүр екен. Бұған қоса, Майқұдықтағы автобекет пен 5451 әскери бөлімі аралағындағы автожолдың жағдайы да мәз емес. Ойқыш-ойқыш жолдар қыс мезгілінде қар астында қалады. Алда-жалда қаладағы небір келеңсіз жағдайға шақыру түссе, бөлімдегі әскери қызметшілер қар күреумен әлек болуы бек мүмкін. Екі ортадағы қоғамдық көлік мәселесінің жағдайы – тіптен бөлек әңгіме. Әскери бөлім аялдамасы да аянышты күйде екен.

Осы сияқты мәселелерге облыстық мәслихат депутаттары да көз жеткізіп қайтқан көрінеді. Бір жыл бұрынғы көшпелі жиын барысында.

Әскери азаматтарды баспанамен қамту мәселесі де тұрақты комиссияның отырысынан тыс қалған жоқ. Бұған қоса, үздік әскерилерге кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсету мәселесі және бар.

Облыс орталығы мен әскери бөлім арасындағы автожолды жөндеуді Қарағанды қаласының билігі келесі жылдың жоспарына енгізіпті. Оның қашықтығы – 1200 метр. Сондай-ақ, біз сөз етіп отырған әскери қалашық аумағында жәрмеңке өткізу қолға алыныпты. Әскери қалашыққа заманауи байланыс торабын орнату мәселесі де – келер жылдың еншісінде.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар қабылданып, күн тәртібіндегі мәселелер дауысқа салынды.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button