Құқық – қорғаулы
Жуырда Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі негіздерін жаңғырту жөніндегі жаңа заң жобасының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының басшысы Мұрат ШАЯХМЕТОВ баспасөз мәслихатын өткізді.
– Елбасының бастамасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Парламентке ұсынылған болатын. Бұл бағытта бірнеше жұмыстар атқарылды. «Мемлекет басшысының тапсыруымен қылмыстық процесті жаңғырту бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Президент қылмыстық процеске қарапайым тұрғындардың көзімен қарауды тапсырып, адам құқықтарын қорғау деңгейін көтеру, тараптардың бәсекелестігін арттыру, сот бақылауын кеңейту, тергеу рәсімдерін жеңілдету және тергеу органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктерін нақты бөлу сынды мәселелерді қадап айтты. Бүгінде осы айтылған мәселелер ескеріліп бірқатар өзгерістер енгізілді. Оның ішінде, жаңа заң жобасында қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуын атап айтуға болады. Ал, кәмелеттік жасқа толмаған тұлғаларды ұстау мерзімі 24 сағаттан аспауы тиіс деген қоғамға тиімді жақтары қарастырылды,– деді Мұрат Шахметов.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихатына арнайы қатысқан облыстық сот алқасының судьясы Ерлан Ермеков 48 сағат әлемдік стандарт болып саналатындығын тілге тиек етті.
–Террористік және экстремистік қылмыстар, жаппай тәртіпсіздіктер, кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық күш көрсету, адам өлтіру және есірткі заттарын заңсыз тасымалдау сынды ауыр қылмыстар бойынша және күдіктіні жеткізу үшін жолдың ұзақтығы, қатынас көліктерінің болмауы немесе төтенше жағдайдың орын алуы секілді бірқатар себептерге байланысты күдіктіні 72 сағат ұстау мерзімі сақталады. Жоғарғы сот шешімімен еліміздің барлық 16 өңірлерінде арнайы штат құрылатын болады, – деді Ерлан Ермеков.
Нұрдос КӘРІМ