Ветеринария ісі – қауіпсіздік кепілі

    Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ халыққа Жолдауында елді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде, мал шаруашылығын дамыта отырып, олардан алынатын өнімдерін көбейтуге баса назар бөліп отыр. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда түрлі бағдарламалар қабылданып, осы бағдарламаларда ветеринарияны дамыту, жоғары сапа стандарттарына қол жеткізу, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелері ерекше орын алады.

Қажырлы еңбекті талап ететін мал шаруашылығы саласын тұрақты дамытудың шешуші факторлары – шаруашылықтарды білікті ветеринариялық мамандармен қамтамасыз ету және аса қауіпті індеттердің алдын алу болып табылады.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, сүт және сүт өнімдері өндірісін және ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту қарастырылған. Сондықтан, ветеринариялық іс-шараларды уақтылы әрі сапалы орындау жетістіктерге жеткізеді. Бүгінгі күні осындай мемлекеттік қолдаудың әсерінен ауыл шаруашылығына деген бетбұрыс түзеліп, көптеген  фермерлік шаруашылықтар, ет және сүт өңдеу кәсіпорындары, мал сою пункттері ашылып, жұмыс жасай бастады.

2017 жылы  облыстың ветеринариялық басқармасынан жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жаңадан ашылған кәсіпорындарға, атап айтқанда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды дайындау және өткізуге – 18, жануарлардан алынатын ет өнімдерін қайта өңдеуді жүзеге асыруға – 5, сүт өңдеу кәсіпорындарына – 11, бал өнімдеріне – 3,  жануарлар мен құстарды өсіру және өткізуді жүзеге асыруға – 20, балық өнімдерін сақтау және өткізуге – 5, мал сою алаңдары мен пунктеріне – 95, құс өнімдерін өңдеу – 1, ветеринариялық препараттарды сақтау және өткізуге – 7, жемшөп қоспаларын сақтауға және сатуға – 7, барлығы – 172 есептік номер рәсімделіп, жұмыстарын бастады. Сонымен қатар, 2 заңды тұлғаға ветеринариялық-санитариялық сараптама өткізуге арнайы рұқсаттамалық мемлекеттік лицензия берілді.

Аса қауіпті індеттердің алдын алу үшін жыл сайын ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу мақсатында облыстағы ауыл шаруашылығы жануарларын есепке ала отырып, жоспар жасалып, бекітілді. Осы бекітілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізуге 2017 жылға 830 млн. теңге бөлінді.

2017 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралары: қан алу, егу, бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен орындалды. Атап айтқанда, жыл қорытындысы бойынша сібір жарасына қарсы барлық егілген мал басы  2179630 басты құрайды. Қарасанға 316000 бас ірі қара мал басы, құтыруға – 58600  бас ауыл шаруашылығы жануарлары және туберкулезге 1109840 бас ірі қара малы зерттеліп, жоспар толығымен орындалды. Бруцеллезге 653259 мың бас ІҚМ зерттеліп, 3784 бас ауруға шықты, зақымдану көрсеткіші 0,6 %. Қой-ешкі малы 1486004 бас мың бас зерттелді, 216 бас ауруға анықталды, зақымдану көрсеткіші 0,01 % құрады. Жалпы, 2016 жылмен салыстырғанда  облыс бойынша ірі қара малдың арасында бруцеллез ауруы – 0,2% артқан. Ұсақ мүйізді малдардың арасында бруцеллез ауруының өсуі байқалмайды.

Бүгінде бруцеллез, туберкулез ауруларымен күресуге барынша күш салынуда, осы созылмалы түрде өтетін індеттердің ошағын дер кезінде анықтау, ошақтау жұмыстары қатаң қолға алынуда.

Биылғы жылы Нұра ауданында тіркелген пастереллез ауруынан 886 бас ірі қара мал ауырып, 154 бас шығынға ұшырады, 11427 бас ірі қара малына профилактикалық егу жүргізілді, 592 ауланың  59 200 ш.м. лажсыз дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда, шығынға ұшыраған жануарлар иелеріне өз еркімен көмек көрсетуші тұлғалардың есебінен 12 млн. теңге қаражат төленді.

Осы ауру ошағы тіркелген елді мекендерде шектеу белгіленіп, қауіпті індетті жою мақсатында ветеринариялық-санитариялық сауықтыру іс-шаралары жүргізілді.

2012 жылы облыс бойынша құрылған коммуналдық мемлекеттік мекемелері «Ветстанция» ветеринариялық дәрігерлерімен қан алу, егу, бірдейлендіру, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары мемлекет есебінен тегін жүзеге асырылып отыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде көптеген індеттердің алдын алу бағыттарында, тиісті жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік туды. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға бюджеттен 52,0 млн. теңге бөлініп, облыс бойынша 15 284 бас қаңғыбас ит және 2660 бас мысықтар  ауланып, көзі жойылды.

2017 жылдың қорытындысымен «Ветстанция» КМК ветеринариялық дәрігерлерімен мемлекеттік қызметтерді (ветеринариялық анықтамаларды №1, №2, №3, және ветеринариялық паспорт) көрсету жұмыстары жүзеге асырылды. Барлығы 58968  ветеринариялық анықтамалар, оның ішінде 1 нысандағы 9115 дана, 2 нысандағы 49556 дана, 3 нысындағы 297 дана берілген.

Бір айта кететін жайт облыс деңгейінде ішкі сауда объектілерінде өткізілген ветеринариялық санитариялық сараптама саны 2017 жылдың қорытындысы бойынша аудан мен қалаларда 2543 бақылау іс-шаралары жүргізіліп, 541 ветеринариялық заң талаптары бұзылуы орын алды. 86 материал әкімшілік іс қозғау үшін аумақтық инспекцияға жолданып, 1417 нұсқамалар берілді.

Облыстық ветеринария басқармасы ветеринариялық санитариялық  қауіпсіздікті бақылау бойынша жүргізген мониторингісіне сәйкес, жыл басынан облыс көлемінде жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатқа 126832 ветеринариялық-санитариялық зерттеулер жүргізілді.

Ірі қара мал – 17184, жылқы – 3 410, ұсақ қара мал – 11619, шошқа – 15769, құс еті – 6029, сүт және сүт өнімдері – 48021, балық және балық өнімдеріне – 13961, жұмыртқа – 9712, бал – 1127.

Қазіргі таңда дұрыс тамақтану жолға қойылуда, алайда, ол азықтың қайдан және қалай дайындалып жатқаны көпшілікті кейбір жағдайда алаңдата қомайтын сияқты. Ас – адамның арқауы, ас тұрған жерде ауру тұрмайды демекші, ең басты күнделікті қолданылатын тағамдар (ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, май, айран, ірімшік, құрт, балық өнімдері, т.б) ауыл шаруашылық өнімдері болғандықтан, ең бірінші тағам қауіпсіздігіне мән берілуі қажет.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізілді, бұл жұмыстардың нәтижесі төмендегідей:

ІҚМ – 257000 бас, немесе 100%, ҰММ – 633627 бас (100%), жылқы – 72810 бас (100%)  және шошқа – 66381 бас (100%). Бірдейлендіру рәсімінен өткен мал бастары толығымен дерекқор базасына енгізілді.

Облыс бойынша 170 ветеринариялық пункттерді сапалы интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 25,2 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда барлық ветеринариялық пункттерге интернет желісі орнатылды.

Ауыл шаруашылығы жануарларының және ит мысық өлекселерін тастауға арналған облыс бойынша 108 мал қорымы бар, оның ішінде 47 типтік, 61 қарапайым.

2017 жылға мал қорымдарына жергілікті бюджеттен 94,7 млн. теңге қаражат бөлінді (күтіп-ұстауға 41,2 млн. теңге, жаңадан мал қорымын салуға 21,3 млн. теңге, жөндеу жұмыстарына 28,2 млн. теңге және жобалық сметалық  құжаттар дайындауға 4 млн. тг.).

Сонымен қатар, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 36,2 млн. теңге бөлініп, 3 дана жылжымалы мал өлекселерін жағатын пештері 23,6 млн. теңгеге сатып алынды.

Қарағанды облысының аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары (2017 жылдың Қарағанды облыстық  мәслихатының 2017 жылғы 11 желтоқсандағы XIII сессиясының №264 шешімімен бекітілген) және Қарағанды облысы аумағында жануарларды ұстау Қағидалары 2017 жылғы 29 қыркүйекте Қарағанды облысының мәслихатымен қабылданды. Аталған Қағидалар әділет органдарынан тіркеуден өтті.

Жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардың алдын алу және жою мақсатында әрбір жеке және заңды тұлғалар, әсіресе мал өсірумен, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды өңдеу және сатумен айналысатын тұлғалар Қазақстан Республикасы Ветеринария Заңының 25-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес, уақтылы вакцинация, диагностика жасатуға, ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етуге, қора-жай, жемшөпті сақтауда, қоршаған ортаның ластанбауына, зоогигиеналық талаптарды сақтауға, жаңадан жануарлар сатып алғанда, сойғанда немесе сатуға өткізгенде, малды сояр алдында, сойғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай сатуға, объектілерге ветеринариялық тексеру жүргізуге кедергі келтірмеуге, сонымен қатар төл алғанда жануарлар ауырған немесе шығын болған жағдайда ветеринария саласындағы мамандарға хабарлауға міндетті.

Жоғарыда көрсетілген талаптар орындалған жағдайда ғана ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады.

Болашақта, осы мәселені шешу бағытында, Сіздермен бірге әр жүктелген міндеттеріңізге жауапкершілікпен қарап, ветеринария саласындағы жұмыстардың нәтижелі  атқарылуы арқылы ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлесімізді қосарымыз анық.

Жалпы, ветеринариялық қызметтің негізгі мақсаты шаруашылықтарда ветеринариялық шараларды сапалы әрі уақтылы жүргізіп, қауіпті індеттерден адамдарды сақтандыру, инфекциялық, инвазиялық мал ауруларына кедергі қою, мал шығындарын азайту арқылы шаруашылықтарға келетін зиянды барынша азайту, жануар өнімдерінің өнімділігін арттыру және саулығын сақтау.

Ветеринария саласының рөлі тек қана ауыл шаруашылығында ғана емес, сонымен қоса экономикалық, биологиялық, медициналық тұрғыдан да маңыздылығы жоғары екенін оқырман ойына сала кетуді жөн деп санаймын.

 

Қ.ТҰРСЫНБЕКОВ,

Қарағанды облысының ветеринария

басқармасы басшысының міндетін

атқарушы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.