Велошабандоздар жарады

Астанада «Сарыарқа» республикалық   велотрегінде велосипед спорты бойынша Ұлттық чемпионат өтті. Ұлттық біріншілікке Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген 177 ең мықты велосипедшілер қатысты.

Ұлттық чемпионатта бағын сынағандар мынадай тәртіптер бойынша чемпион атағы үшін  сайысқа түсті:  шығып қалу шартымен топтық жарыс, ұпайлар бойынша топтық жарыс, жеке қудалау жарысы, командалық қудалау жарысы, спринт, командалық спринт, скретч, кейрин, мэдисон және гит.

Мамандардың айтуынша, Астанада өткен ұлттық біріншілікке қатысушылар саны өткен жылдармен салыстырғанда едәуір ұлғайған, велоспортқа деген қызығушылық артқан. Спортшыларды даярлау деңгейі айтарлықтай өскен. Спринтерлік түрлерде де оң серпін бар.

Айтулы додада чемпионаттың жеңіске үміткерлері арасындағы бәсекелестік жаңа деңгейге көтерілді. Мәселен, чемпионаттың бірінші күні әйелдер мен ерлер шығып қалу шартымен топтық жарыста қарағандылық Роман Василенков пен Татьяна Заднепрянова көш бастады.

Ұлттық чемпионаттың бағдарламасына кірген тоғыз тәртіптердің бірі кейрин жарысында ерлер арасында облысымыздың намысын қорғаған Павел Воржев 3 орынға, әйелдер арасында Татьяна Заднепрянова 2 орынға табан тіреді. Ал, ұпайлар бойынша топтық жарыста ерлер 160 айналымда, әйелдер – 100 айналымда өнер көрсетті. Ерлер арасында Сергей Шатовкин 3 орын, әйелдер арасында Жанерке Санақбаева 1 орын, Татьяна Заднепрянова 3 орын тұғырынан көрінді. Скретч жарысында да Қарағандының түлектері алдына қара салмады.15 шақырым қашықтықта Роман Василенков, 10 шақырым қашықтықта Жанерке Санақбаева алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, спринттегі ең озық жарысушылардың қатарының алды Павел Воржев (Қарағанды облысы) болды. Татьяна Заднепрянова (Қарағанды облысы) 2 орынға көтерілді. Жарыстардың ақырғы күні чемпионат қатысушылары мэдисон жарысында жеңіс үшін сайыста Сергей Шатовкин 1 орынды, Татьяна Заднепрянова мен Жанерке Санақбаева (Қарағанды облысы) 2 орынды еншіледі. Гита жарысы бойынша – ерлер арасында Кирилл Рудер (Қарағанды облысы) 3 орынды иеленді.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.