«Варшава — Қарағанды» рейсінің жолаушыларынан коронавирус анықталған жоқ

23 наурызда Қарағанды әуежайына «Варшава – Қарағанды» рейсінің ұшағы келіп қонды. Арнайы рейстің бортында 207 адам болған. Олардың барлығы COVID-19 вирусына тест тапсырды. Жолаушылардың ешқайсынан індет белгілері анықталған жоқ.

Бортта шетелде оқып жатқан қазақстандық студенттер және өзге де отандастарымыз болды.
Еліміздің Үкіметі тұрақты әуе қатынасының тоқтауына қарамастан, қазақстандықтарға Отанына оралуға көмектесу үшін арнайы рейстер жіберген болатын.
Ұшақ Қарағанды әуежайының аумағына қонғаннан кейін бортқа дәрігерлер бригадасы көтерілді. Әрбір жолаушы қатаң эпидемиологиялық регламент бойынша  медициналық бақылау рәсімінен өтті. Барлық шаралар орындалған соң келушілер қала сыртында орналасқан арнайы госпитальға жеткізілді.

— Барлық дәрігерлер Польшадан келген адамдарды бақылау үшін госпитальге өз еркімен келді. Бұл — біздің дәрігерлік парызымыз. Біз барлығының сау екенін білгенде, керемет эмоцияларды бастан кештік, — дейді жалпы тәжірибе дәрігері Хайролла Ерғашев.

«Варшава-Қарағанды» рейсінің жолаушылары карантинде екі күн болды. Осы уақыт аралығында оларға коронавирус инфекциясына талдау жасалды. Тестілер барлық келгендердің дені сау екенін көрсетті.
Қазір олардың барлығы туған қалаларына жолға шыға бастады. Рейстің жолаушылары қарағандылық дәрігерлер мен полицейлерге қиын уақытта қолдау көрсеткендері үшін   алғыс білдірді. Жолаушылардың бірі  «Бұл қадам Отанымыз бізді әрқашан қиын уақытта да күтіп, қорғайтынын тағы да түсінуге мүмкіндік берді» деп атап өтті.