Вакцина қолжетімді болуы керек
Пандемия басталғалы бірде-бір вакцина алмаған немесе аз алған елдер бар әлемде. Онымен салыстырғанда біздің ел көш ілгері. Вакциналардың қолжетімділігі туралы айтқанда да алдыңғы қатардамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды мүмкіндігінше тезірек сатып алу керектігін атап өтті.
Президент отандық вакцинаның болуына қарамастан, коронавирусқа қарсы шетелдік вакциналарды да сатып алу қажет деп санайды.
«Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасаған әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі. Біздің вакцина тиімді және қауіпсіз екендігінде күмән жоқ. Қазір QazVac басқа мемлекеттерде де сұранысқа ие. Вакцинаны жеткізу жеткілікті. Біздің азаматтарымыздың таңдауы бар. Көптеген мемлекеттер бұған қол жеткізе алмай отыр», – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бізде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина қоры жеткілікті.
Бұл ретте мұның алдында 500 мың доза көлемінде Қытайдан келген CoronaVac вакцинасы, қазір қолданыстағы тағы бір қытайлық VeroCell вакцинасы әлемдік деңгейде мойындалып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне енгенін атап өтуге болады. Sinopharm компаниясы шығарған VeroCell вакциналарының 4 миллион дозасы алынғанын елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеген болатын. Дәрігерлер созылмалы аурулары бар, егде жастағы адамдарға осы вакцинаны қолданғануға кеңес береді. Бұдан бөлек, Қазақстан осы күзде аталмыш дүниежүзілік ұйым мақұлдаған Pfizer/BioNTech вакцинасын сатып аламыз деп отыр. Мұның барлығы ел азаматтарының таңдауын арттырып, халық денсаулығын сақтауға бағытталған қадам деп білеміз. Біз, дәрігерлер, вакциналау науқаны басталғаннан-ақ оның пайдасы мен тиімдігін айтып келеміз. Біз вакциналауды қолдаймыз.
Перизат ӨМІРЗАҚОВА,
Қарағанды қаласының балалар ауруханасы директоры.