Covid-19ВакцинацияКоронавирус

Меже – ұжымдық иммунитет

Ресми дерек бойынша облыста 18 жастан асқан, вакцинация алу үшін денсаулығында қарсы көрсетілімдері жоқ 897 340 адам бар. 16 ақпандағы мәліметке сүйенсек, оның 653 797-ы, яғни, 72,9% коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған. Толық курсын алғандар – 583 024 адам, 65,0%. Бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы үшін әлі де жеткіліксіз.

Мамандардың айтуынша, ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін вакцинациялауға жата тын тұрғындардың 80%-ы екпе алуы тиіс. Сонда ғана коронавирус пандемия болудан қалады. Бүгінде ел бойынша 9 315 067 адам вакцинаның бірінші компонентін, 8 894 995 адам екіншісін алған. Вакцинация алдын ала ақпараттандырылған жазбаша келісіммен жасалады. Ал, жасөспірімдерді вакцинациялау тек ата-анасының немесе заңды өкілінің алдын ала ақпараттандырылған жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылады.

Вакцинация жүргізу алдында оны алатын адамды медицина қызметкері толық тексереді, жасөспірімдерді психолог қарайды. Жалпы жай-күйін бағалап, ешқандай қарсы көрсетілім болмаған жағдайда егуге рұқсат береді. Вакцина салынғаннан кейін арнайы бөлмеде жарты сағат күту керек. Бұл екпеден кейін қандай да бір кері реакция байқалған жағдайда шұғыл көмек көрсету үшін қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының таратқан мәліметіне сәйкес, облыс көлемінде ондай жағдай тіркелмеген. Әрине, дене қызуының көтерілуі немесе екпе салған жердің ауырсынуы, бас ауруы сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Дегенмен, олар әрі кеткенде 3 күн ішінде басылады. Жалпы, бұл белгілерді мамандар ағзаның реакциясы ретінде түсіндіреді.

«Алғашқылардың бірі болып екпе алған адамдардың иммунитеті уақыт өте келе төмендей бастады. Ал, жақында вакцинация алған немесе ауырған болса, иммунитеті жоғары болмақ. Яғни, барлығы вакцина алған мерзімге байланысты. Алғашқы вакцинация курсынан кейін 6 ай өтсе, үшінші бустерлік дозаны ала беруге болады. Ал, коронавируспен ауырып қалса, 3 айдан кейін ревакцинация жасатуы керек. Арамызда вакцинаға қарсы көрсетілімдері бар, яғни, оны ала алмайтын адамдар бар. Әдетте, олардың иммунитеті төмен болып келеді. Ол адамдардың ауырып қалу қаупі жоғары. Сондықтан, айналамызға қауіп төндірмей, мүмкіндігіміз болса, вакцинация мен ревакцинациядан өтуге кеңес береміз», – дейді қаладағы №5 емхананың салауатты өмір салты қызметі маманы Нина Еремичева.

Бүгінде аймақта вакцинация үшін векторлық «Спутник V», инактивтендірілген QazVac пен Vero Cell вакциналары, сонымен бірге, жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге Pfizer вакцинасы қолданылады. Pfizer-ді 60 жастан асқан адамдар мен медицина қызметкерлерін ревакцинациялау үшін де қолдануға рұқсат берілді. Ревакцинация үшін инактивтендірілген вакциналармен қатар, Спутник Лайт вакцинасы да қолжетімді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button