Жаңалықтар

V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры көлікпен Парижге жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері Франция астанасы Парижге жетті. Елімізден тізгіндеп шыққан көлікті еліміздің қоғам қайраткері, саяхатшы, Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бренд-амбассадоры Ерік Шыныбеков жүргізіп келді.

Суреттер: ұйымдастырушылардан

Көшпенді Ерік Шыныбеков Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында Парижге Атырау қаласынан шығып, Ресей, Грузия, Түркия, Грекия, Италия және Германия елдері арқылы жүріп өткен. Осы миссиясы аясында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын насихаттап, Көшпенділер ойындарының үлгісінде көлігін безендіруді ол – өзінің отандық спортқа деген адалдығын, жанашырлығын білдіретінін айтты.  Көліктің артқы есігінде дала фонында бүркітті ұшырып тұрған бүркітші бейнеленген. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өткізілетін күндері мен (8-13 қыркүйек) Ойындардың ресми сайты wng.kz көрсетілген. Сондай-ақ, көліктің екі жағына Ойындардың ресми логотипінің суреті салынған.

 – Менің ойымша, Еріктің ұйымдастырған акциясы оның көшпенділік болмысын бұрынғыдан да аша түседі. Сонымен қатар, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын насихаттауды ұйымдастырушылар, мемлекеттік мекемелер, спорттық ұйымдар ғана емес, Қазақстанның кез келген азаматы, спорт жанкүйерлерінің де белсене кіріскенін көрсетеді. Біз осындай жанашырларымыздың арқасында әлемдегі ең ірі спорт және мәдениет орталықтарының бірі Парижде жаһандық көшпенділер мәдениетін таныстыру мүмкіндігіне ие болғанымызға қуаныштымыз. Бұл біздің мұрамызды әлемге жариялаудың және жанкүйерлерді 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырудың тамаша мүмкіндігі, – деді Ойындар дирекциясының маркетинг жөніндегі директоры Серік Буксиков.

Париж тұрғындары мен қонақтары көлікті сыртынан тамашалап қана қоймай, Ойындар туралы көбірек білуге және көшпелі халықтардың тарихы мен дәстүрімен танысуға мүмкіндік алды.

Өз кезегінде, ДКО ұйымдастыру комитеті Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасына шын жүректен сәттілік тілеп, қазақстандық спортшылардың ел намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдіреді.

Айта кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, ойындардың Бас серіктесі – Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button