Универсиадада қазақстандық шорт-трекшілер екінші рет күміс медаль алды

АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан қысқы универсиадада шорт-тректен Қазақстан құрамасы күміс медальді жеңіп алды, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұрберген Жұмағазиевтің мәлім еткеніндей, жігіттер құрамасы 5 мың метрлік эстафетада 7:12.409 нәтижемен мәре сызығын екінші болып қиды.

Оңтүстік Корея құрамасы (7:10.689) жеңімпаз атанса, нидерландылық студенттер (7:12.450) қола жүлдені қанағат тұтты.

Қазақстан құрамасы сапында Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамұханов, Валерий Клименко және Санжар Жанисов өнер көрсетті.

Бұл – шорт-тректен Қазақстан құрамасының универсиададағы екінші күміс жүлдесі.

– Осымен универсиадада шорттрекшілер додасы мәресіне жетті. Алда әлем кубогінің бесінші және алтыншы кезеңі бар. Содан кейін әлем чемпионаты өтеді, -деді Н.Жұмағазиев.