Спорт

Ұтымды қимыл көрсетті

Жоғары хоккей лигасының кезекті кездесуін қарағандылық «Сарыарқа» Ресейдің Новокузнецк қаласында өткізді. Қарсылас – жергілікті «Металлург» командасы.

Ойынды ширақ бастаған ресейліктер Валерий Поляковтың 6-шы минутта соққан шайбасының арқасында алға шықты. 1:0. Шабуылдарын үдеткен алаң иелері ойынның 13-ші минутында есепті еселеді. 2:0. Шайба авторы – Максим Кицын. 2 шайба соғып қанаттанған алаң қожайындары I кезең аяқталар тұста есепті 3:0-ге жеткізді. Мергендігімен көзге түскен – Александр Шевченко.

Ойсырай ұтылып жатқандары ұнамаса керек, қарағандылық жігіттер II кезеңнің 28-ші минутында Айрат Зиазов соққан шайбадан кейін есепті 3:1-ге жеткізді. Араға бес минут салып, есеп алшақтығы тағы бір шайбаға қысқарды. Қарсыластар қақпашысын сан соқтырған Эдгарс Сиксна еді.

Шешуші кезеңде жерлестеріміз намысты қолдан бермей, ойынның 45-ші минутында таразы басын теңестірді. Қарсылас қақпасынан «саңылау» тапқан – Эдгарс Кулда. Қалған уақытта есепте өзгеріс болмай, өте тартысты өрбіген ойын овертаймға ұласты. Қосымша уақытта да қос қарсылас бірін-бірі ала алмады.

Жеңімпазды анықтау ойын соңындағы буллиттер сериясында жалғасты.

Бұл тұста да қақпашылар шеберлігін көрсете білді. Кіл мықтыны анықтау үшін 28 буллит соққысы орындалды. Ақыры, сәттілік серік болған қарағандылықтар жеңіске жетті.

Әзірге, «Сарыарқа» 65 ұпаймен плей-офф кезеңіне жолдама беретін 5-ші орынға тұрақтады.

Мирас СӘУЛЕХАН,

КарМУ-дың IV курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button