ҚарқаралыРуханият

Тылсым табиғаттағы туризм

Табиғаты көрікті, қасиетті Қарқаралы ауданында 5-10 шілде аралығында спорттық туризм бағытында Қазақстан чемпионаты өткізілді. Айтулы туристік көпсайысқа Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Қарағанды облыстарының өкілдері қатысты. Ал, облысымыздың намысын қорғаған қарағандылық «Созвездие» құрамасы «Жаяу туризм» номинациясында үздік танылып, мерейімізді асырды.

 

Дүбірлі дода аясында үш түрлі жас санатында 20 команданың шебер спортшылары жаяу және велотуризм бойынша жарысқа түсті. Кенді аймағымыздың атынан бұл сынға Қарағанды, Шахтинск қалалары мен Қарқаралы ауданының белді қатысушылары бақ сынады.

«Жаяу туризм» дейтін жарыс түрінде қатысушылар үш қашықтықта – жеке, ұзын және қысқа қашықтықта кедергілерден өтіп, шеберліктерін дәлелдеді. Ал, велотуризм бағытындағы өз мүмкіндіктерін олар триалда, мәнерлеп жүргізу және кедергілер жолағынан өту сайыстарында сынап көрді, – деп атап өтті жарыстың бас төрешісі, ҚР еңбек сіңірген нұсқаушысы Татьяна Хажиньязова.

Тартысты белдесу ересек қатысушылар арасында болды. Ересектер арасында (18 жастан асқан спортшылар) сайыстың «жаяу туризм» түрінен қатарластарынан оқ бойы оза шауып, I орынды қарағандылық «Созвездие» командасы жеңіп алды. 15 жасқа дейінгі спортшылар арсындағы I орын Қызылорда облысынан келген «Экстрим» құрамасына бұйырды. Ал, жасөспірімдер арасындағы жеңіске (15-18 жас аралығындағы спортшылар) Батыс Қазақстан облысының «Батыс WEST – 5» командасы ие болды.

Бұдан бөлек, «Ересектер» категориясындағы жаяу туризм техникасы арасындағы бәсекеде I орынды БҚО «Батыс WEST – 2» командасы жеңіп алды. Бұл сайыста «Жасөспірімдер» жас тобы қатысушылары арасында Жетісу облысынан келген «Ирбис-Текелі – 21» оза шауып, I орынға лайық деп танылды. Ал, аталған сайыс түрінде Үздік жасөспірімдер командасы – БҚО-ның «Батыс WEST – 5» құрамасы.

Дерекке сүйенсек, Қарағанды облысында барлығы 3 мыңға жуық адам спорттық туризммен айналысады екен. Әзірге ел көлемінде бұл спорт түрі 13 өңірде дамып келеді. Қарағанды облысы аумағында бұл бағытта түрлі тағылымды шара өткізуге болатынын, оған мүмкіндіктің мол және киелі әрі тылсым табиғатының бар екендігі көз жеткізді.

Жәлел ШАЛҚАР.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button