Тыңға түскен түрен

  Біздің бизнесті осыған ұқсатамын. Өйткені, бастапқыда табиғатын түсінбеген талай жұрт жайма базар жағалап, алыпсатарлықпен айналысып кетті. Бүгінде басқаша бетбұрыс байқалады.

Думан Үмбетовпен әлеуметтік желі арқылы таныстым. “Каир тұрғыны Жездінің женті мен талқанынан дәм татқан” деген жазба жайбарақат қалдырмады. Содан кездесуге келістік.

Таяуда Жездіге арнайы барып қайттым. Ол алдымен шаруашылығын аралатты. Сосын екеуміз жайылған дастарқанды жағалай жайғасып, еркін әңгімеге кірістік.

Бұдан ширек ғасыр бұрын әкей Шаяхмет Үмбетов “Баскөң” шаруа қожалығын құрған. Тоған салып, су тоқтаттық. Азын-аулақ мал бар. Негізгі бизнес кентте. Оны жаңа көрсеттім. Өзім – басқарушы, зайыбым Құралай – көмекшім,– деді Думан.

– “Мақпал” мықты екен, бірақ, қазір тойхана – таңсық емес. Асхана, шаштараз, мейманхана, жатақхана шағын кентте шайлыққа жарап жатыр. Менің назарымды аударған талқан, жент шығаратын цех, – деп, өзімді өнім шығару қызықтыратынын сездірдім.

Ол өндірісті ашу оңайға түскен жоқ. Ең қиыны “мемлекеттік стандарт” болды. Ұнға бар, жемге бар, ал талқан мен жентке – жоқ! Қазақстанда біз – бірінші! (Мұны қалай “тыңға түскен түрен” демеске?! авт.). Бір құжаттың соңында екі жыл жүрдік, екі миллион теңге кетті.

Онсыз болмады ма?” “Неге болмасын?! Бірақ, жасаған жентің мен талқаныңды жайма базарда ғана сата аласың, супермаркет қабылдамайды. Бүгінде біздің өнім металлургтер мен кеншілер қаласындағы “Самади” және “Ғалия-Бану” сауда жүйесінде сатылады. Ең бастысы – сұраныс бар”.

Құжат рәсімдеу қымбатқа түскеніне айтқаным ғой”. ”Әрине, бизнесте қаржы – шешуші құралдың бірі, бірақ, бастысы емес. Ақша келеді-кетеді, бүгін – бар, ертең – жоқ. Менің қабырғама батқаны – қайтарылмайтын қайран уақыт! Талай кеңсенің табалдырығын тоздыруға тура келді ғой”.

Каир тұрғыны Жездінің женті мен талқанынан дәм татқан” деген не әңгіме?” “Кенжеболат Жолдыбайды бі­лесіз, сол ағамыз Каирда тұратын қызына барғанда, жиеніне Жездінің женті мен талқанын базарлыққа апар­ған. Сосын көршінің Мәскеуде оқитын қызы да демалысқа келген сайын қалта-қалта талқан тасиды.

Астананың бірнеше супермаркетімен келіссөз жүргізілуде. Көздеген түпкі мақсат – көрші мемлекетке шығу. Тек өзімізге тән штрих-код алдық, ол Кедендік одаққа мүше елге кедергісіз, жеңілдікпен өнім өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан, шағын цехты ұлғайту жағы қарастырылуда”.

Думанның мына сөзінен кейін дымым шықпай қалды. Жездінің женті мен талқаны шетел асып жатса, “тыңға түскен түреннің” көкесі сол болар еді-ау!

Әлібек ӘБДІРАШ.

Ұлытау ауданы.

Суретте: Думан Үмбетов Жездінің женті мен талқанын көрсетіп отыр.

Суретті түсірген автор.

One thought on “Тыңға түскен түрен

  1. Жент пен талқан бұл біздің қазақ бабаларымыздың ыстықта бұзылмайтын, сапасын жоғалтпайтын және ағзаға пайдасы бар табиғи тағамдар, ал шетелдерге сый тағам ретінде апаруы — оның таза табиғи өнім екенін білуінде деп ойлаймын. Бүгінгі таңда ешкімді «менің тауарымды ал» деп жалынатын заман емес, ал жезділіктердің женті мен талқанының өздігінен сұранып тұрғанына тек қуану керек.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.