АймақБалқашБас тақырып

Туризм тынысы кеңейеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның туризм саласындағы əлеуеті жоғары екенін атап өткен болатын. «Еліміздегі туризмнің əлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ, сол жерлерге барып, демалуға əлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мəселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», – деген еді Президент сөйлеген сөзінде. Сонымен қатар, туризм саласына көбірек инвестиция тартуды тапсырды. Президент тапсырмасына сəйкес, бүгінде Балқаш қаласында туризмді дамыту бағытында жұмыстар жүзеге асырылуда. Шағын шаһарда туристер үшін 219 жайлы бөлмеге шақталған жеті жаңа демалыс аймағы салынады. Қалалық жағажайдың жағалау аймағын қайта жаңарту жалғасады. Бұл туралы Балқаш қаласының əкімі Сапар Сатаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мəслихатында мəлімдеді.

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Қазіргі таңда туристік əлеуетті дамыту – Балқаштағы негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Қазақстанда көлемі бойынша көл жағалауының əсемдігі шетелдік теңіз пейзаждарынан кем түспейтін аймаққа кейінгі жылдары тамашалап келушілердің саны артқан. Балқаш ыстық құм мен зүмірет суды іздегендер арасында танымал екені анық. Жəне көл жағажай туризмін дамытуға ыңғайлы нысан ретінде республикалық туристік картаның үздік ондығына енген. Десек те, туристердің турбазалар мен жолдардың жағдайы туралы пікірінше, Балқашта демалу əлемдік стандарттарға сай болуы үшін көп жұмыс істеу керек. Қала басшысының мəліметінше, өткен жылы қала аумағына Ақтоғай ауданының бір бөлігі – Шұбартүбек жəне Торанғалық кенттері қосылған. Жалпы ауданы 8744 гектарды құрайды. Қолайлы инфрақұрылым құру үшін Торанғалық жəне Шұбартүбекте су құбыры желілері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы əзірленді. Жұмыстар республикалық бюджеттен қаржыландыру бөлінгеннен кейін басталады.

– Балқашта жыл бойы 393 бөлмесі бар 20 қонақ үй жəне 1412 нөмірлі 54 демалыс аймағы жұмыс істейді. Биыл жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жеті демалыс аймағын пайдалануға беру жоспарланған. 219 бөлме немесе 476 төсек-орынға шақталған нысан қызмет ететін болады. Жағалауды ұтымды пайдалану үшін жер учаскелері тексеріліп, түгендеу жұмыстары жүргізілді. 120 гектар бос жер учаскелері анықталды. Биыл бұл учаскелер аукцион арқылы бөлінеді. Өткен жылы алғаш рет өткізген «БалқашTourfest» фестивалі де дəстүрге айналады, – дейді қала əкімі Сапар Сатаев.

Балқаш көлінің жағалауында орын тепкен бұл мысты қала шағын жəне орта бизнесті дамытудың таптырмас көзіне айналмақ. Жыл санап мұнда келетін саяхатшылардың саны артқан соң демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өткен жылы Шұбартүбек кентінде полиция жəне ТЖ бекеттерін орналастыруға арналған модульдік үй-жай орнатылған. Биыл қосымша бейнебақылау жүйесі орнатылып, бақылау күшейтілген. Мұндай үй-жайлар Торанғалық пен Бертіс шығанағында да бой көтерген. Үш жылдан бері көл жағасына инженерлік-коммуникация тартуға мемлекет тарапынан қаржы қарастырылған. Сумен жəне жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту – Балқаштағы тағы бір басым бағытқа ие болып отыр. Себебі, бүгінде қаланың кейбір учаскелерінде коммуналдық желілердің тозуы 75-80 пайызға дейін жеткен. Бұл мəселені шешу үшін 124 шақырым су құбырларын ауыстыру қажет.

– Бізде Балқаштағы 2-3-ші кезектегі су құбыры желілері қайта жаңартылуда. «Қоңырат» шағын ауданында қазірдің өзінде жүз пайыз жəне қалада магистральдық желілердің 30 пайызы ауыстырылды. Жүргізілген жұмыстар электр энергиясын үнемдейді жəне ұңғымалардың жұмысын реттейді. Өткен жылы 14 ұңғыма жұмыс істеді. Қазір олардың сегізі ғана жұмыс істеуде. Биыл тағы 13 шақырым магистральдық желіні ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Қаланы жылумен жабдықтау бойынша жылу электр орталықтарының қалаға дейінгі 4,5 шақырым магистральдық құбырларды ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Қосымша 18 шақырымын ауыстыратын болсақ, жылыту маусымына дайындық жүйеленеді. Бұдан бөлек, ақаулы жерлерді анықтап, бақылауға аламыз, – деп атап өтті Сапар Сатаев.

Шаһар басшысының айтуынша, Балқашта биылғы жыл бірқатар құрылыс нысандарын салу жұмыстары қолға алынып, ғимараттарды уақытылы тапсыруды жолға қойған. Атап айтқанда, 900 орындық жайлы мектептің құрылысы жалғасуда. Осы жылы ангар үлгісіндегі спорт залы салынып, желкенді қайық спортты дамыту үшін екі үй-жай жабдықталып, жеті спорт алаңы қайта жаңартылуы тиіс. Мемлекеттік тұрғын үй саясатын жүзеге асыру мақсатымен былтыр 13 385 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 100,5 пайызды құраған. Биылғы жылғы жоспар бойынша 13 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілу жоспарлануда. Оның 12 мың шаршы метрі – 180 пəтер бюджет есебінен, 1500 шаршы метр – 40 пəтер жеке инвесторлар есебінен бой көтереді. Балқаштықтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатымен 2023 жылы 49 адам, оның ішінде 46 көпбалалы ана пəтер кілтеріне ие болды. Биыл 119 пəтер сатып алу жоспарлануда. Бүгінгі күні 44 пəтер сатып алынып, оның 19-ы мұқтаж жандарға тапсырылған. Сонымен қатар, 45 пəтер ипотекалық несие арқылы берілетін болады.

P.S Баспасөз мəслихаты барысында қала əкімі Сапар Сатаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған көпбалалы аналардың мəселесі, қала тазалығы, үлескерлік құрылыс, қаңғыбас иттерге қатысты сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, Балқаш қаласындағы экологиялық жағдайға байланысты қандай шаралар қабылданып жатқанын журналистер сұрап білді

Нұрдос КƏРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button