Туризм тығырыққа тірелмеуі тиіс

Індеттің ізі сайрап жатыр. Дауасыз дерттің денсаулықты діңкелеткені өз алдына, оның салқыны тимеген сала таппайсың: абыржыған әлеуметтік ахуал, саябырлаған сауда-саттық, әлсіреген әлемдік экономика, тіпті, геосаясаттың да топсасы босап тұр. Ол «тағасы» төзімді туризмді де тығырыққа тіреді.

Наурыздың басында сарапшылар әлеужеліні қолданатын 10 000 адамның арасында сауалнама жүргізгенде, әрбір бесінші турист демалысын кейінге қалдырғаны анықталды. Бір аптадан кейін қазақстандықтар мен біздің елге авиабилет алуға сұраныс 10% кемігені белгілі болды. Ал, Қытайға қарай ұшатындар екі есе азайған. Саяхатшылар Иран жағына жол жүруді де соншалықты сиреткен.

Күні кеше, сәуірдің ортасында БҰҰ Туризм жөніндегі мамандандырылған агенттігі (UNWTO) есеп жариялады. Онда 209 бағыт бойынша рұқсат шектелгені айтылған. Бұл — жаһандағы барлық бағыттың 96%-ы. Ал, 90-ға жуық бағытта туристер үшін шекара толық немесе ішінара жабылған. UNWTO есебіне қарағанда, туристерге толық шектеу Африка, Азия, Тынық мұхиты аймағы мен Таяу Шығыста қаңтарда-ақ қойылған көрінеді.

UNWTO бас хатшысы Зураба Пололикашвилидің пікірінше, тарихта бірде-бір оқиға саяхат пен туризмге COVID-19 сияқты кері әсер еткен емес. «Денсаулық қорғауды бірінші орынға қойған ел билігі жүріп-тұруды, қарым-қатынасты шектеді. Бірақ, туризмді тоқтату жұмыс орнының қысқаруы мен тұрақты экономикалық өсімнің тоқырауына әкеліп соқтырады. Сондықтан, Үкімет шектеуге барынша сергек қарауға тиіс» дейді ол.

«Коронавирустың кесірінен әлемдегі бірқатар елдің халықаралық әуетасымалмен айналысатын компаниясы шығынға белшесінен батты. Ондай қолайсыздыққа отандық тасымалдаушылар да ұрынды. Халықаралық әуеқатынаста қалыптасқан мұндай жағдай ішкі туризмнің дамуына жаңа мүмкіндік береді», дейді «Kazakh Njurism» компаниясының мамандары. Себебі, кейбір отандық курорт қай жағынан болсын шетелдікінен кем емес. Сондай-ақ, алдағы маусымда Шортанды-Бурабай аймағына жаңа әуеқатынасы ашылады.

 Бұл пікірмен қазақстандық туристік қауымдастық басшысы Рашида Шәйкенова келісе қоймайды. Коронавирустың қаншалықты көлеңке түсіргенін алға тартқан ол былай дейді: «Алдымен авиарейс азайды.

Қытаймен қарым-қатынас жабық, ал 1 наурыздан Иран мен Оңтүстік Кореяға қатынайтын ұшақ саны қысқарды. Әдетте, сыртқа шығу азайса, ішкі туризм өркендейді деп ойлайтындар бар. Бірақ, ондай оң өзгеріс байқалмайды».

Туризмді топалаң тигендей қылған індеттің салдары да салмақты: егер алдынала жасалған келісім-шартты бұзуға тура келсе, қазақстандық туроператорлардың 4 миллиард теңге қайтаруы керек. Бірақ, оған мүмкіндігі жоқ: туристің күні бұрын берген қаражаты тиісті қызмет үшін төленіп кеткен. Сондықтан, мемлекеттің қолдауы мен туристің түсіністікпен қарауына үміт артады.

«Бұл — біздің кінә емес, әлемдік дағдарыс екенін түсінетіндер бар. Жағдайдың байыбына бармай, мінез көрсететіндер де кездеседі. Біз үшін тиімдісі — жолдаманы алдағы жылдың аяғына дейін қайта брондау. Қажет болса бұл мерзімді созуға да пейілміз» дейді туроператорлық компания басшысы Салтанат Омарова. Оны «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры басқармасының төрағасы Инна Рей де мақұлдайды.

Ұлытау-Жезқазған аймағындағы жағдай да мәз емес. «Төрт айда қалта түбі көрініп қалды. Шетке шыққан бір турист жоқ. Маусым-шілдеге тапсырыс бергеннің өзі ойланып отыр. Қаражатын қайтаруды талап еткендер де бар» дейді, Жезқазғандағы «Какаду» ЖШС басшысы Анна Әділбаева. Ал, Сәтбаев қаласындағы «ТатТур» агенттігінің жетекшісі Татьяна Малышева былай дейді: «Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмесе, турагенттік тығырыққа тіреліп тұр. Саяхаттан бас тартқанға қайтара қоятын қаражат жоқ».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жазда Ұлытауда өткен туристердің халықаралық форумына қатысып, өңірде саланы өркендетуге байланысты бірнеше нақты тапсырма берді. Соның орындалу барысы және көлденеңнен кездескен мынау кеселдің кері әсері мен кездескен қиындықты еңсерудің жолы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаевпен тілдесуге ниеттенген едік. Өкінішке орай, ол өтінішке онша ықылас таныта қоймады. Соған қарағанда, коронавирус дақпырты Ұлытауға әлі жетпеген немесе оның тигізер залал-зардабын аудан басшылығы безбендей қоймаған сияқты.

Әлібек ӘБДІРАШ