Жаңалықтар

“Тура биде туған жоқ…”

Бүгінде елдің экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға сыбайлас жемқорлық әрекеттері айтарлықтай зиянын тигізіп келеді. Мұндай заңсыздықтар ел ертеңіне бейжай қараудан туындаса керек-ті. Қоғам дертіне айналған қауіпті құбылысқа қарсы іс-әрекеттер «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаннан бері дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді. Көкейкесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары да жүргізілуде.

Мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күресті жандандыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасында алғашқылардың бірі болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды қолданысқа енгізді. Аталған заңда қоғамдық дертке қарсы күрестің негізі принциптері нақтыланып, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мен оған байланысты жауапкершілікті арттыру жолдары анықталды.

Кез келген істің бірлікті қажет ететіндей, сыбайлас жемқорлықпен күресте де көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Техника дамыған дәуірде, әлеуметтік желіні, өзге де медиа-ресурстарды тиімді пайдаланып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрі дамыту арқылы жемқорлық әрекеттерді жалпы жұртшылықтың жек көруін күрестің қуатты құралына айналдыруға тиіспіз. Бұл – әрқайсымыздың борышымыз.

Әрбір мемлекеттік қызметкер өз атына кір келтіретін әрекеттерден аулақ болғаны жөн. Заңға қайшы екенін біле тұра, құқық бұзушылыққа барғандар қатаң жазаға тартылады. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының белгісі мен ол туралы іс қозғаудың негіздерінің бірі – азаматтардың арызы. Әр азамат өзінің конституциялық құқығын толық білуге, оны пайдалануға және қорғауға міндетті. Қандай да болсын, «қолы да, жолы да ұзын» адамдар ел азаматтарының құқығын таптап, заңсыз әрекеттерге баратын болса, әділдікті орнатып, істің аққарасын ажыратушы – құқық қорғау органдары. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына егемен ел болып отырған шақта сол адами қалып – парасат биігінен төмендемеуі тиіс.

Бағлан ҚАНАТОВА,

 ҚР ҰЭМ Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі.

Басқа материалдар

Back to top button