Туған тілін қастерлеумен өтті
1999 жылы Ұлыбританияның Кембридж университетінің жанындағы Халықаралық биографиялық орталықтың шешімімен әлемге әйгілеп «Ғасыр адамы» атанған, тынбас еңбек, қыңбас жігер иесі, Арқаның арқалы азаматы фәни жалғаннан көшті дегенге қалай сенерсің?..
Қарыс жерге сүйем өтірік айтқызбайтын, барынша әділдік жағындағы адам екендігін ғұмыр бойы келелі істерімен айғақтап өтті. Елге ғұмыры үлгі дейтіндер қатарынан табылды. Сыйынғанынан сүйенгені мықты болды, ал сүйенгені тек қана – ғылым мен білім, ары мен ұяты еді. Арлы адамның Ұлы Хақ алдына да ары таза болып барары даусыз.
…Пандемия асқынған шақта, денсаулығы ауырлап, қаламызда тума тіл мәселесі шығандап тұрған кезде, қаладағы тіл жанашырлары мен зиялы қауымды жинап, істеген игі істерім аяқсыз қалмасын, заң мен тіл арасында жүрген делдалсың ғой деп, «Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігіне» төрағалығын аманаттай тапсырып, мойнымызға таудай міндет жүктеген еді. Діттеген жерінен шыға білу – әлі де сын. Елге, Отанға деген адалдық – ол кісінің бойынан іздемей-ақ табылатын, мінезіне туа біткен, адамдық қасиетінің басты белгісі еді. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес, оның түпкі орамында елге танымал, ғұмыры үлгілі болған азамат туралы әспетті ой жатыр. Қазағының өзі орыстілді боп кеткен Қарағандыда тұралап қалған қазақ тілі қоғамын қайта құру, жұмысын дәуір тынысына сай жүйелей алу екінің бірінің қолынан келе беретін оңай шаруа емес-ті. «Жасымыз жер ортасынан асқанда, жетіскеннен, еріккеннен Қарағанды облысында «Қазақ тілі» қоғамын құрған жоқпыз. Ана тілімізге төр бұйырса, үй ішінен үй тігіп, айдың, күннің аманында неміз бар? Облыстағы тіл ахуалының қатпары – қалың. Соның бірі – қаланың қақ ортасындағы мектептердегі ана тіліміздегі сыныптардың ахуалы» деп, келелі мәселелерді облыстық, республикалық деңгейде көтеріп, шындықты тіліп айтатын. Әлем таныған академиктің ғұмырымен салыстырсаң, өз ғұмырың соншама мағынасыздыққа толы екенін ұғасың. Латын қарпін бірізділікке түсіру бойынша шаршамай атсалысты. 20 мыңдай сөзді қамтитын «Физика терминдерінің орысша-қазақша сөздігін» жасады.
Енді, міне, Абылайдың ақмаңдай қолбасшыларының бірі Нияз батырдай тектіден тамыр тартқан ғасыр адамы фәниден бақиға аттанып кете барды. Тау алыстаған сайын асқақтай береді деген рас екен. Соңынан өшпес мұра, үлкен өсиет қалдырып, бізге нағыз адам болудың қағидаларын санамызға қорғасындай құйып кетті.
Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы атынан отбасына және әулетіне көңіл айтамыз. Иманы саламат болып, артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін!
Мәуен ХАМЗИН,
Елеужан СЕРІМОВ