Жаңалықтар

Туған елдің пейілі

           Талай зиялы қауым өкілдері шыққан қасиетті Қарқаралы жұрты ұлын ұлықтап, қызын құрметтеу салтынан жаңылған емес. Жақында өңір халқы жерлестері, ауданның Құрметті азаматтары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, мәдениет жанашыры Рымбала ОМАРБЕКОВА мен елінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан, бірқатар аудандар мен облыстың ауыл шаруашылығы саласына басшылық еткен ел ағасы Тілеубек ЗЕЙНЕШЕВКЕ құрмет көрсетті.

Елбасы Н.Назарбаев еңбек адамын қадірлеу арқылы жас ұрпаққа өнеге ету қажеттігін баса айтып келеді. Ерен еңбектерімен ел арасында қадірі артқан арда жандар, тек, туған өлкесінің ғана емес, ұлттың, бүтін қазақтың қамын жеген азаматтар. Сонысымен ел арасында абыройы биік. Азаматтарды қолдап, өскелең ұрпаққа өнеге қылу мақсатында ұйымдастырылған салтанатты шараның шымылдығы аудан әкімі Халел Мақсұтовтың ізгі тілегімен ашылды.
Қазақтың алтын бесігі, талай тарландар табан тіреп, небір сұңқарлардың түлеп ұшқан, тарихы талай шежірені бойына жинаған киелі мекенде дүние есігін ашып, өмірдің өріне жол тапқан жандар бүгінде арамызда. Асқарлы асулардан, қиясы қиын шыңдардан, белесі көп белдерден асып, сарабдал салиқалы жасқа жеткен сіздерге бұл шара – жерлестеріңіздің құрметі деп білерсіздер, – деген аудан әкімі қазақы салт-дәстүрмен қос жерлесіміздің иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады.
«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дегендей, білім беру саласының ардагері, қоғамдық кеңестің төрағасы Тілек Сәдуақасов пен №43 орта мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхит Адамов өздерінің ізгі лебіздерін жеткізді.
Туған жерге, туған елге деген патриоттық сезім оларды алғаш еңбек жолын бастаған туған жерінен түлетіп, аймақтың түрлі саласында қызмет жасауына түрткі болды. Егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосқан, кезінде ұстаздық, партия, кеңес, шаруашылық жұмыстарында аянбай еңбек етіп, бүгінде бейнеттерінің зейнетін көріп, мерейлі жасқа келіп, жерлес аға-бауырдың ортасында ыстық ықылас пен зор қошеметке бөленіп отырған Рымбала Кенжебалақызы мен Тілеубек Ережепұлы өздерінің ризашылықтарын білдіріп, ыстық ілтипат көрсетіп жатқан ағайынға алғыстарын айтты.
«Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан шықсын» деген дана халық қашанда ұрпағына саналы тәрбие бере отырып, оларды бауырмалдық пен сыйластыққа тәрбиелеген. Сәні мен мәні келіскен кеш үлкен тағылым мен өрелі тәлімнің ортасына айналды.

Сағыныш ӘБІЛОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button