Цифрлық технологиялар дәуірі

«Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның қолында» деген қанатты сөзді тарих белгілі банкир Нотан Ротшильдтің аузына салды. Осыдан екі ғасыр бұрын айтылған сөз өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, күн өткен сайын өміршеңдігін айғақтай түсуде. Бүгінгі әлемнің әр қадамы ақпаратпен байланысты екенін ескерсек, оның болашағы да цифрлық ақпаратқа тәуелді болары сөзсіз. Сондықтан да, цифрлық технологиялар Елбасы айтқан төртінші өнеркәсіптік революцияның өзегіне айналды.
Мемлекет басшының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер» Жолдауының жүзеге асуының маңызды факторы – цифрлық технология. Біздің санамызда цифрлық технология ұғымы күнделікті пайдаланылатын компьютер немесе ұялы байланыспен шектеліп қалмауы тиіс. Инновациялық технологияның мүмкіндігі – шексіз. Соны қоғамның барлық саласына енгізетін, азаматтардың санасына жеткізетін уақыт келді.
Елбасы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын айтқанда мемлекет пен бизнес өзара әрекеттесе отырып, кәсіпкерлердің цифрлық технологияларды енгізуіне қолайлы жағдай жасау керектігін тілге тиек еткен-тін. Мемлекет басшысының тапсырмасы бүгінде жүзеге асырылып жатыр. Деректер бойынша, аймақтың білім беру саласының 48%-ы, денсаулық сақтау саласының 68%-ы цифрлық технология мүмкіндіктерін пайдалануда. Мәселен, біздің облыстың денсаулық сақтау саласындағы автоматты дистанционды ақпараттық жүйе – инновациялық жобалардың бірі. Облыс орталығындағы ауруханалар мен емханалар кешенді медициналық ақпараттық жүйеге қосылған. «DamuMed» арнайы мобильді қосымшасының қолданушылары облыс бойынша – 60 мың. Ол арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуға, зертханалық талдауларды қадағалауға, «SOS» батырмасын басу арқылы шұғыл көмек шақыруға болады. Сонымен қатар, емделушілердің электронды картасы жүргізіліп, дәрі-дәрмек жазбалары, зертхана нәтижелері электронды түрде беріледі.
Оқушылардың үлгерім журналы электронды күнделікке айналғалы көп бола қойған жоқ. Бұл e-Learning – елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолға алынған, бүгінгі күні жемісін берген жоба. Ресми деректерге сүйенсек, осы қанатқақты жоба аясында электронды күнделік жүйесін пайдаланатын мұғалімдер саны қазір 174 мыңнан асқан, сондай-ақ, 1,4 млн. оқушы мен 854 мыңнан астам ата-ана қолданады. Енді цифрлық технологияларды дамыту үшін ІТ мамандарын тарту және оларды даярлайтын оқу орындарының базасын нығайтуды қолға алу қажет. Бұл мәселенің шешімі Елбасы өзінің «Президенттің бес әлеуметтік басымдығы» үндеуінде айтқан оқу гранттарының санын 20 мыңға арттыру тапсырмасында жатыр. Елбасымыз: «… Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады»,– деп нақты көрсетті. Осы арқылы төртінші өнеркәсіптік революцияны жүзеге асыратын, цифрлық Қазақстанды алға қарай ілгерілететін техникалық бағыттағы мамандарды даярлауға басымдық берді.
Цифрлық теxнологияларды қабылданып жатқан шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етудің бір құралы ретінде айта кеткен абзал. Маңызды шешімдер қабылданғанда халық пікірталасқа қатысып, өз ұсыныстарын жасай алады. «Ашық диалог» немесе «кері байланыс» арқылы түрлі деңгейдегі шенеуніктерге сұрақ қойып, жауабын ала аламыз. Жалпы, елімізде ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға енгізу жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын қолға алынған. Оның жарқын мысалы – «eGov» жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Осы жүйе арқылы жүздеген операцияны компьютер алдында отырып-ақ жасай аламыз. Құжат рәсімдеу, коммуналдық төлемдер, салық, айыппұл төлеу, сақтандыру және басқа да шаруаларды үйден шықпай-ақ орындауға мүмкіндік бар. Мұның барлығы мемлекеттік басқарудың біртіндеп цифрлық теxнологияларға ауысып жатқанын көрсетеді. Бастысы – санамыз соны қабылдап, тиімділігін зерделеп, пайдасын алуға бейімделу. Цифрлық теxнологияларды енгізу саласындағы шаралар ары қарай жалғасып, аймақтарды толығымен қамтуы керек. Сол арқылы жұмыстың сапасы артып, сыбайлас жемқорлық тиылады. Еліміз Елбасы айқандаған «Цифрлық дәуірге» қадамды нық басыйып келеді.

Жансая ОМАРБЕКОВА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.