Цифрлы технология маманға зәру
Цифрлы технология дәуірі сапалы білікті мамандарды талап етеді. Бүгінде жаңғыртылған өндірістер мен жоғары оқу орындары заманауи технологияның құлағында ойнайтын мамандардың қаттығын шешу үшін бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, қарағанды мемлекеттік техникалық университеті жұмыс берушілермен бірге жаңа білім беру бағдарламаларын әзірледі. Бұл бағдарлама арқылы жоғары оқу орны цифрландыру дәуірінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды дайындайды.
Қазіргі уақытта өндіріс пен өнеркәсіптер ұстанған «Индустрия 4.0» бағытында мамандардың жетіспеушілігі өндірістердің өркенін өсірмей отыр. Бұл мәселе сондай іргелі кәсіпорындар тарапынан ұдайы айтылады. Сондықтан, ғылым, инновация және жаңа технологиялар бойынша аймақтық кеңесте бірлескен шешім қабылданды.
Дәлірек айтқанда, ҚарМТУ «Индустрия 4.0» шеңберінде кірістірілетін цифрлық басқару жүйесін дамудың ең әлеуетті бағыттарының бірі деп белгіледі. Кеніштерде, фабрикаларда және басқа да кәсіпорындарда ол сандық өндірістің маңызды бөлігі. Аталған жүйелерді әлемдік өндірушілер кеңінен қолданады. Осы күні Қазақстанның өнер- кәсібі мен энергетикасына белсенді түрде енгізілуде.
Тағы бір әлеуетті бағыт – жерүсті сканерлеу және георадарлық жабдықты пайдаланатын ғарыштық және серіктік технологиялар. Бүгінде оларды құрылыс компаниялары, тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары қолданады.
IT саласындағы, денсаулық сақтау және биоиндустрия салаларындағы құзыреттерді біріктіретін жаңа бағыт та басымдыққа ие. Осы орайда, цифрлық технологиялармен жұмыс істеуге қабілетті, сұранысқа ие мамандарды дайындау үшін университетте бакалавриат бойынша 6 инновациялық білім беру бағдарламасы және 1 магистратура әзірленді. Олардың барлығы жұмыс берушілермен келісілген.
Өз тілшімізден.