Цифрлық сауаттылық — қуатты күш

Адами капиталды дамыту – уақыттың талабы. Өзіңіздің әлауқатыңыз ғана емес, ел экономикасына тікелей әсері бар делінген осы саланы дамытуда облысымызда бірқатар шаралар атқарылуда. Мәселен, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстарының нәтижесінде 837 мың адам қазірдің өзінде негізгі цифрлық дағдыларға ие болған. Ал, 2018 жылмен салыстырғанда облыс халқының сауаттылық деңгейі 70,6%-ға жеткен. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен өткен кезекті аппарат жиналысында белгілі болды.

Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Байжановтың мәлімдеуінше, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсатты көрсеткішіне қол жеткізу үшін жалпы алғанда тұрғындардың 80%-ын, ал, биыл 9%-дан астамын оқыту қажет болған. Сол себепті, жаз айларының өзінде 128 038 адам цифрлық сауаттылық бойынша білім алған. Олардың қатарында халықтың әлеуметтік осал топтарынан – 5116, ауылдық жерлерден 71 086 адам бар. Үш ай қатарынан базалық цифрлық дағдыларға машықтанып, ақпараттық қауіпсіздік дағдылары, электрондық мемлекеттік және электрондық сауда қызметтерін пайдалануға үйренген облыс халқы ашық үкіметтің және POST.KZ онлайн қызметтердің гипермаркеті жұмысымен танысқан.

 Теміртау қаласы, Ақтоғай, Жаңаарқа, Нұра және Қарқаралы аудандарында цифрлық сауаттылықты арттыру көрсеткіштері 93,5%дан 99,7-%-ға дейін болса, Сәтбаевта көрсеткіш орындалмаған, яғни, жоспарланған тұрғындардың 5,1%-ы ғана оқытылса, Ұлытау ауданында орындалғаны – 19,7 %, – дейді Рүстем Байжанов.

Цифрлық дағдылар негізіне оқыту электрондық үкімет арқылы алынатын мемлекеттік қызметтердің өсуіне ықпал еткен. Электрондық цифрлық қолтаңба алушылар саны да артқан. Айта кетерлігі, мемлекеттік органдар мен тұрғындардың өзара әрекеті аясында облыста Бірыңғай үйлестіру орталығы құрылған. Орталықта Senim109 порталы арқылы әлеуметтік желілер, мессенджерлер және телефон қоңыраулары арқылы тұрғындардың электрондық өтініштері өңделеді. Рүстем Байжанов ол жыл соңына дейін тестік режимде жұмыс істейтінін айтады.

Электрондық үкіметті дамыту мен халықтың цифрлық сауаттылығын арттырудан ауыл халқы да қалыс қалған жоқ. Қалалардан бөлек, ауылдық жерлердегі 33 Халыққа қызмет көрсету орталықтары және 7 мобильді ХҚКО шалғай ауылдарды аралап, қызмет көрсетуден бөлек, электрондық цифрлық қолтаңба да береді. Деректер көрсетілетін электрондық қызметтердің 30%-ы ауылдық елдімекендердің үлесінде екенін көрсетеді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек сондай-ақ, 26 қарашада өткен Бірыңғай азаматтарды қабылдау күніндегі ойларымен де бөлісті. Облыстың әр аймағынан келген 46 тұрғынды қабылдаған өңір басшысы «Қабылдауға келгендердің мәселелерін қала және аудан басшыларының деңгейінде де шешуге болатын еді» деп, елдің базынасына құлақ аспайтынын бірқатар аудан әкімдеріне наразылығын білдірді.

– Қабылдауға келгендердің дені облыс орталығы емес, өңір тұрғындары. Олар өтініштерін айтаайта ешқандай нәтиже болмағандықтан, осында келуге мәжбүр болған. Проблема шынымен бар. Бірақ, барлығын өз аудан-қалаларыңыздың деңгейінде-ақ шешуге болар еді. Барлық сұрақтар бойынша тапсырма берілді, олардың орындалысын өзім қадағалаймын және жергілікті жерлерде де бақылауға алуларыңызды сұраймын, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Халық пен билік арасындағы кері байланыстың тиімділігі туралы айтқан облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне тұрғындар арасында туындаған мәселелерді жіті назарда ұстауды тапсырды.

Салтанат ІЛИЯШ