Трассалық медициналық-құтқару пунктінің қызметкерлері таңдауларын жасады
Осакаровка ауданындағы Молодежный кентінің Мәдениет үйінде орналасқан №573 сайлау учаскесіне келушілердің қарасы көбейіп келеді. Таңғы уақыттан-ақ учаскеге түрлі сала мамандары келіп, азаматтық таңдауын жасауда. Олардың қатарында Молодежный кентіндегі трассалық медициналық-құтқару пунктінің қызметкерлері де бар. Жауапты қызмет атқаратын медицина мамандары жұмыс арасын тиімді пайдаланып, әріптестерімен бірге сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек бөлімінің қызметкері Балғын Аширбекова ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан тыс қалмауды азаматтық міндеті санайтынын айтты.
– Жұмыс арасында әріптестерімізбен бірге келіп, өз таңдауымызды жасадық. Мұндай маңызды күні қалыс қалуға болмайды. Ел ертеңі үшін әрқайсымыздың дауысымыз маңызды, – деді Балғын Аширбекова.
Сайлау учаскесіне құқық қорғау және төтенше жағдайлар саласының мамандары да арнайы келді. Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №28 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Рахат Рахимжанов қызметтік міндетін атқарып жүріп, әріптестерімен бірге учаскеге келіп, өз таңдауын жасады.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



