Топ жұмысы – маңызды
Биылғы жылдың қаңтарынан бастап Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанынан мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған болатын.
Топтың мақсаты – жергілікті деңгейде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша көкейкесті мәселелерді шешу, халықтың пікірін ескере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру үшін қызмет көрсетушілерге ұсынымдарды әзірлеуде мемлекеттік органдардың, азаматтық сектор және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің күш-жігерін біріктіру болып табылады.
Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыс шеңберінде азаматтық қоғамның Департаментпен кері байланысын қамтамасыз ету және де үкіметтік емес ұйымдармен, жеке және заңды тұлғалармен ынтымақтасу, олармен енгізілген мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне бағытталған ұсыныстарын талқылау топтың міндеттеріне кіреді.
Облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіпкерлік субъектілері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері топқа енді.
Ағымдағы жылдың өткен аралығында топтың 7 отырысы өткізілді. Отырыстарда мемлекеттік қызметтерді көрсететін объектілердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділікті ұйымдастыру бойынша жүргізілген талдаудың қорытындысы, электронды түрде көрсетілетін қызметтерді насихаттау, мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі уақтылы көрсетілуі және тағы басқа да қоғамдық маңызы бар сұрақтар қарастырылды.
Сондай-ақ, топ ұсынысы негізінде ҚарМТУ, Қазтұтынуодағы ҚЭУ және Ө.Байқоңыров атындағы ЖезУ жанынан мемлекеттік қызмет көрсету орталықтары құрылды. Алдағы уақытта облыстың басқа да жоғары оқу орындарында аталмыш мемлекеттік қызмет көрсету орталықтарын құру жоспарлануда.
Топ отырысында Департаментпен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету саласында жүргізілген тексеріс іс-шараларының қорытындысы және аталмыш салада жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларының есептері тыңдалды. Сәйкесінше, топ мүшелерімен тиісті ұсыныстар енгізіліп, басшылық қатарынан 8 лауазымдық тұлғалар әр түрлі тәртіптік шараларға тартылды.
Бүгінде топтың отырыстарын өңірлерде өткізу мүмкіншілігі шектеулі болуына байланысты соңғы 2 отырыс видеоконференц байланысы арқылы Қарағанды облысының барлық өңірлерінің қатысуымен өткізілді. Аталмыш тәжірибе болашақта жалғасын таппақ.
Топ мүшелерімен жыл басынан өткізілген 7 отырыстарда 23 сұрақ талқыланып, 57 ұсыныс енгізілді. Бүгінгі таңда оның 52-і орындалып, 5 ұсыныс орындалу үстінде. Бұл мәселе Департаменттің қатаң бақылауында.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландыруға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек делінген.
Өз кезегінде топ аталмыш тапсырманы жүзеге асыратын мемлекеттік қызмет берушілердің атқаратын жұмыстарына баға бере отырып, орындалысын үнемі назарда ұстайтын болады.
Топ алдында келер жылға қойылған міндеттер көп. Мысалы, қызмет берушілер тарапынан мемлекеттік қызметтерді көрсету процесін жеңілдету әрі оңтайландыру, негізсіз рәсімдер мен әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік көрсетілетін орындарда қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасау, өзіне-өзі қызмет көрсету саясатын насихаттау сияқты атқарылатын жұмыстарына баға беру, қадағалау. Бұл орайда, топтың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасының артуына қосатын үлесі зор екенін атап өту қажет.
Қызметтерді сапалы әрі уақтылы алу мүмкіндігінің болуы – заман талабы. Ал, оны заман талабына сай бере алу бұл қызмет берушінің міндеті екенін олар түсінуі тиіс.
А.АЛЫБЕКОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша
департаментінің мемлекеттік
қызметтер көрсету басқармасының бас маманы.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.



