«Томирис» фильмі – Қарағандыда

«Томирис» фильмі Қарағандыда көрсетіледі. Сенбі күні сағат 17.00-де, К.Станиславский атындағы орыс драма театрында туындының тұсауы кесіліп, режиссер Ақан Сатаев бастаған шығармашылық топпен кездесу өтеді.

Белгілі режиссер Ақан Сатаев – бұдан бұрын да талай тамаша киноөнімдерін жұртшылық назарына ұсынған жерлесіміз. Фильм түсірілімін 2018 жылдың наурыз айында бастап, қазан айында аяқтаған.

Кинокартинаға Томирис патшайымның ерлікке толы тағдыры, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі арқау болған. Ол сақ тайпаларының басын бі ріктіріп, парсы басқыншысы Кир ге тойтарыс береді. Сөйтіп, әкесі Спаргаптан мұраға қалған жерді жаудан қорғап қалады жә не туған халқына бостандық әпереді.

Кинофильм негізінен Алматы облысында, сондай-ақ, Бурабай мен Баянауыл өңірлерінде түсірілген. Фильмге қатысқан актерлердің барлығы атқа міну мен садақ ату, қару қолдану тәсілдерін арнайы жаттығу лагерьлерінде үйренген. Басты кейіпкерді кәсіби актриса емес, психолог Альмира Тұрсын сомдады. Томирис роліне үміткер болған 200 қыздың ішінен режиссер назарына іліккен.

Сондай-ақ, фильмге отандық  танымал актерлер – Әділ Ахметов, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды түскен. Ал, Кир патшаны голливудтық актер Гассан Массуд сомдаған.

Раушан НҰРША.