Руханият

“Толқыннан толқын туады…”

Руханияттың қарашаңырағы Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жыр-Жауһар» шығармашыл жастар орталығының мүшелері, өлеңге талаптанып жүрген жас өрендер Нұрдәулет Бақытұлы мен Тілеужан Ерғанатұлының «Жалын. Жүрек. Жыр…» атты поэзия кеші өтті. Шара орталықтың шығармашылық жоспарына сәйкес, орталық іргесін қалаушылардың бірі, ақын Эльмира Сайлауқызының бастамасымен ұйымдастырылды.

Облыстық жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша жүзеге асып жатқан «Jas fund» жобасы аясында қолға алынған кешке алдыңғы буын аға-әпкелер, орталық мүшелері мен студенттер қатысты.

Мақсаты – өнер өлкесіне қанат қаққан жас таланттарды қолдау. Аға буын мен жастардың арасында байланыс орнату. Кітап оқуға қызығушылығын арттыру, кітап оқитын адамның беделін көтеру. Белсенді өмірлік ұстанымдарының дамуына ықпал ету.

Кеш барысында екі жас өрен өлең- дерін көсіле оқып, авторлық әндері орындалды. Екеуі де Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың студенті. Нұрдәулет – Қарқаралы ауданы, Қарағаш ауылының тумасы болса, Тілеужан – қалалық. Алғашқысы – азаматтық лирикаға құлаш сермегісі ке- летінін байқатса, екіншісі – махаббатты жастық шағымда жырлаймын деп тебініп тұр.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультетінің деканы Елдос Түйте, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ағыбайұлы, ақын, Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектеп директоры Айнұр Тұрсынбекқызы, ҚарУ студенттер үйінің басшысы Бектас Жұман, «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының алдыңғы толқыны, ақындар Еркебұлан Елеусіз, Ерік Нарын, Бек Ноғайбайұлы қос талапкерге жылы лебізін білдіріп, ақ жол тіледі. Ақындар жырдан шашу шашты. «Бота», «Балауса», «Ұлағат» шығармашылық орталықтарының Құттықтау хаты табысталды.

Кеш соңында шараның басы-қасында жүрген Эльмира Сайлауқызы мен кітапхана директоры, руханияттың қызғыш құсындай болған Дина Аманжолова қорытынды сөз сөйлеп, жастарға шығармашылық табыс тіледі, көпшілікке алғыс айтты.

Бүгінде «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығы мүшелерінің біразының бірнеше жинағы жарық көрген, елімізге танылып та үлгерді. Бірқатары Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Жәлел ШАЛҚАР

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Басқа материалдар

Back to top button