Толғау мен болжау

«Қилы-қилы заман болар, Қарағай басын шортан шалар…»

Асан қайғы.

Бұқар жырау поэзиясын білімпаздықпен саралаған кемеңгер Мұхтар Әуезов: «Жырау – заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Жыраудың толғауларының сыртқы сымбаты мен ішкі қасиет-қуатында, көркем ойлау процесінде шиыршық атқан жалынды шешендіктің буы, асқақ қаһармандық рухтың лебі білінеді», – деген екен. Әрине, Мәшһүр Жүсіптен кейін абыз жыраудың құпияларын Мұхтар Әуезов те, тіпті, одан кейінгі толқындар Қажым Жұмалиев, Мұхтар Мағауин, Рабиға Сыздықова да шешіп қойғанға ұқсайды. Бірақ, ол кезде заман басқа болатын.

Бұқар жырау Қалқаманұлы Асан қайғының еңбектерін ұзақ зерттегенге ұқсайды. Қалай қарастырсаң да абыздың толғауларынан Асан қайғының сарқынды жырлары сезіліп тұрады. Бұқар бабаның тапқырлығы сол, оның қайғыра жырлаған болжауларының бояуына әр беріп, ақыр заманға дейінгі тағдырын болжап кеткендігі.

Әңгіменің парқына оралып, толғаудың тобықтай түйінін шешуге талпынсақ, «Судағы балық қарағай басын қалай шалмақ?». Демек, Асан қайғы болжамымен болашақта дүниенің астан-кестені шығатыны айтылған. Жаратылысты күтіп тұрған бір аласапыранның туатынын болжай отырып, Бұқар баба оның мерзімін көрсеткен. Әрине, ақырзаманның қашан болатыны бір Аллаға ғана аян. Бірақ, кейінгі кездері «ақырзаман» туралы ақпаратты» теңізге тасталған үшбу қағаздан табылған болжамшы Нострадамус айтыпты, деген қаңқу сөз көбейіп кетті.

Тіршіліктің ауа, топырақ, от және су деп аталатын негізгі төрт элементтен тұратыны қасиетті Құранда айтылған. Ендеше, Бұқар еңбектері Қасиетті Құран құпияларын ашқан деген болжамымыз нобайлы болса керек.

Асан қайғы сарқындысын Бұқар жырлары:

Қарағай – судан қашықтап,

Шөлге біткен бір дарақ.

Шортан – шөлге шыдамсыз,

 Балықтан шыққан бір қарақ, – деп толықтырады. Осы мысалға кейінірек тоқталамын. Бұқарекең жырлапты:
Нұрада бар Ақмола,
Есілде бар Қараөткел,
Екі өткелдің аузынан,
Қараөткелді салды, ойла!
Баянауыл, Қызылтау,
Оны да кәпір алды, ойла!
Кетпейін десе жері тар,
Кетейін десе алды-артын,
Қарқаралы деген тауларға,
Қарқарасын шанышты, ойла!
Ұлытау, шеті Созақтан,
Берекелі жерлерден,
Көкорай шалғын көре алмай,
Шұбырып қазақ кетті, ойла!
Қоршап алған кәпір бар.
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірден шаншу қадалып,
Сорлы қазақ қалды, ойла!

Толғау сырына үңілсек, көмекей әулие көрші Ресей туралы осылай жырламаса керек-ті. Бұл толғаудың ақиқатында Қазақтың Ақордасы – Ақмола болатыны айтылған. Оның көне атауы – Қараөткел. Астанаға таяу Нұра өзенінің жағасында Тайтөбе аталатын жер бар. Айтса айтқандай, Тайтөбенің Нұра өзені жағында ескі қалашықтың орны жатыр. Ең бастысы, біз Тайтөбенің қорғанысына назар аударуымыз керек. Жаңа қала құрылысына ыңғайлы, суы мол және Нұраның табиғи арнасы оны бейсауат су тасқынынан, тіпті, топан судан қорғайтынын бабаның болжағанын еркін аңғарамыз.

Баба болжауынша осы үлкен қала құрылысына қажетті тасты Баянауыл мен Қызылтаудан әкелуі қажеттігі айтылған

Бұқар жырындағы Қарқара – қазақ әйелдерінің бас киімі. Заманның ең бағалы, көрікті, биік төбелі Қарқарасын орыстар Қарқаралыға апарып қалай шаншымақ?

Ендеше, милығына айнала құндыз тұтып, маңдай тұсын жоғарыдан төмен қарай үшкілдеп жыға тіккен Қарқара иесі – әйелдің ел билігіне араласып, тіпті, сонау Ұлытау мен Созақ арасындағы шұбырған елге тоқтау айтатыны болжанған. Бабаның қаламына іліккен Ұлытау мен Созаққа қатысты деректер тарихтан өз орнын алмақ.

Созақта ашаршылық жылдары үлкен көтеріліс болды. Көтеріліс кемеңгері – қарқара киген батыр болды.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1930 жылдың наурыз айында Қазақстанды сол кездері басқарып тұрған Ф.Голощекин И.Сталинге жазған жабық хатында былай деген екен: «… Ақпанда біз үш ірі бұқаралық қарулы көтеріліске кездестік. Біріншіден – Сырдария округінің Созақ ауданында. Аудан малды, рулық қатынастар өте көп сақталған. Дінбасылардың ықпалы күшті және Ташкенттегі ұлтшыл басшылықпен тығыз байланыста. Партия – совет жұмысының әлсіздігі және бұрмалаулар белең алып кетті. Бұл көтеріліске мынадай жағдайлар тән: құбылыс басшылары бір ауғандық қатысқан байлар және ишандар: мұқият дайындық екі айдан астам уақыт жүргізілген. Көтеріліске халықтың көпшілігі тартылды, оларға аудан коммунистері қосылды».

Ол көтерілістің ұраны: «Алланың атынан!», «Байларға қарсы совет заңдарын қолдануға тыйым салу» еді.

Созақ көтерілісінің тарихи маңызы сол – 1929-1931 жылдарда шаруалар 380 рет көтерілген. Оған: Ырғыз, Ақсу, Абыралыдан 80 мыңға жуық адам қатысып, көтерілістің көсемін ақ кілемге отырғызып хан көтермек болған.

Баба жырының кемеңгер ғибраты, Қазақтың ол арманы енді Ұлытау жерінде, бейбіт, саналы түрде орындалуы кәміл.

Сержан СМАХАНҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.