Басты тақырыпРуханият

Той алдындағы толғаныс

    “Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйсінуге жарар ол”- деген Хакім Абай. Келесі жылы қазақты “Ақтабан шұбырынды, Алкакөл сұламадан” аман алып шығып, өркениет өріне жетелеген үш биіміздің бірі һәм бірегейі Қаздауысты Қазыбектің жалғанның жарығына келгеніне 350 жылдың жүзі болады.

Би Атанының кіндігінен қандай ұрпақ тараған! Ақылды! Ойлы! Терең! Парасатты! Ұятты! Тегеруінді ұрпақ тарады! Бүгінгі егеменді еліміздің қара шаңырағын ұстап отырған бір һәм бірегей ұлыс, Алаш елі – ол!

Бізді Алла алқады, аруақ жебеді. «Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды!» деген аузы дуалы атамыз Сарыарқаның сандал төсі Қарағандыдағы қала әкімдігінің алдында маңдайы жарқырап тұр! Енді, Қаздауысты Қазыбек бабамыздың алдынан өткен Қазақстан Республикасының азаматы егеменді ел жұртына еміреніп, оның болашағы хақында ойға шомып, тебіреніп жүретін болады! Қаламыздың бір ауданы – Қаздауысты Қазыбек бабаның атында. Қарағанды ғалымдары “Қаздауысты Қазыбек би” энциклопедиясын жарыққа шығарып, айтулы мемлекет және қоғам қайраткерінің ерен еңбегін ғылыми айналысқа түсірді. Бұл республикамыздың әлеуметтік, мәдени-ғылыми өміріндегі айтулы оқиға болды десе артық емес-ті!

Қарағанды қазақ шаһарына айналғалы жатыр. Қала төрінде көмекей әулие Бұқар жырау бабамыз тұр! Қаланың орталық гүл бағынан қасқайып Қасым ақын алдымыздан шығады! Қалың жүргіншіні Қарағанды керуен сарайынан ай маңдайы Күнмен шағылысып, Қаныш ағамыз қарсы алып тұр…

Тәуелсіз Қазақстан әлемдегі өркениетті елдермен тізе қағысып, Күнді жиырма бес мәрте айналып шықты…Алдымызда әлі қаншама сапар тұр?! Тектілері Күнді айналған қазақ ұлысы ордалы отыз елдің қатарынан қайтсе де бір ойып орын алар күн де алыс емес… Елдік тұғырымыз – мықты, еңсеміз – биік.

Сыр бойында кіндік қаны тамып, қалың елін жоңғар шапқыншылығынан азат етіп, Арқаға қоныстандырған Қазыбек бидің 350 жылдығын арқасына аруақ қонған ұлдарымыз жатқан киелі Түркістаннан бастап, Астана – Қарағандыда ел жадында қалардай атап өтіп, қасиетті Қарқаралыда дүбірлі мәреге жеткізсек, ұлы­сымыздың төрт құбыласы түгенделіп, ұлттық мәртебеміз бұдан да биіктей түсер еді?! Егіндібұлақтағы баба ескерткіші үздік өнер туындысы еді. Өкінішке қарай, аудан тараған кезде ел көзінен тасалау жерде қалып қойды. Енді осы бір аламан той қарсаңында Қарқаралы шаһарында Қаздауысты Қазыбек биге одан да еңселі бір ескерткіш тұрғызсақ, қандай ғанибет болар еді?! Алаш идеясының алтын қазығы атанған Қарқаралы ұлттық рухтың шапағына оранып кетер еді? Алашқа бола туған айтулы тұлғаларды қыстақ-қыстақ, ауыл-ауылға меншіктеуді қоятын кезең келді! Ұлт болып ұйысатын уақыт жетті ғой?!

Осыдан 25 жыл бұрын Алаш-Анамыз аяқ қолын жинап, аман-есен босанды. Жарық дүниеге Азаттық атты сәби келді. Анамыз оны алтын құрсағында 9 ай 9 күн ғана емес, 300 жылдан астам көтеріп еді. Алаш Ана Азаттыққа босанды!!! Бүгінде Ол – ат жалын тартып мінетін Азамат жасында. 25-те! Тәңірге – тәубе деңіз!

Үндістер жат елге оп-оңай бодан бола салды ма? Ата жауына қарсы енку-енку жер шалып, егеулі найза қолға алып, күресе алған жоқ деп кім айтты? Тәңірдің мандайға жазғаны осы болды: көп – қорқытты, терең – батырды, аждаһа – жұтты! Бізге Тәңірінің көзі түсті! Төле би мен Әйтеке, Қаздауысты Қазыбек билердің аруағы жебеді бізді!

Дүние жүзінде жыл сайын бірнеше ұлыстар құрып кетіп жатады. Тәңірі оларды тура Інжілдегі күнәһарлар мекені Содом мен Гоморра сынды бір-ақ күнде жоқ қылады. Неге? Ел бола алмағанынан құриды! Бір-бірін етектен тартқан алты бақан алауыздығынан, бүйректей бөлінгендігінен, ит мініп, ирек қамшылаған пенделігінен құрып кетті олар!

Алаш Ана жүрегін жаулығына түйіп алып, Аллаға бара жатыр. Аллаға жетіп жығылу үшін әуелі Абайға жүгінуіміз керек! Иісі қазақтан Тәңіріге алғаш тіл қатып, оның тағылымын жаны мен тәніне сіңірген осы Абай болатын. Бодан кезімізде бойымызға жұққан өтірік, өсек, мақтаныш, күндестік, бекер мал шашпақ, дарақылық сынды, ХІХ ғасырдан ХХІ ғасырға алып келген антиадамзаттық қасіретімізді талақ қылар кезең келді. Құран да, Құдай да оны оңдырмай мінген-ді. Өткеннен сабақ алмаған жұрт өркениет көшіне ілесе алмайды!

Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы қарсаңында көкейге келген ойдың бір парасы – осы…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button