Тоқаң туралы толғау
Танымал тұлғалардың тұзы жеңіл болатыны белгілі. Ел ішінде олар туралы сөз көп. Ақыл-парасатына, ерлігіне ешкім күмән келтірмейтіндерге қатысты аңыздар тараса, ісі күмәнді, іс-әрекеті күлкі тудыратын екінші тобы жайлы анекдоттар айтылады. Айталық, Жиренше шешен, Асан Қайғы, Әлихан Бөкейхан, Бауыржан Момышұлы туралы ауызды ашып, көзді жұмып тыңдайтын аңыздар көп.
Адамзат баласының ғарыш кеңістігіне сапар шеккеніне 65 жылдан астам уақыт өтіпті. Осы мерзімде аспан әлемін жарты мыңнан астам жер тұрғыны шарлап, өз елдерінің мүддесі үшін түрлі ғылыми зерттеулер жасағаны және олардың көбі қорғаныс саласына байланысты жүргізілгені белгілі. Ғарышқа жолы түскендер арасында қазіргі таңда үш-ақ қазақ азаматы бар. Алғашқысы – Тоқтар Әубәкіров.

АҚШ-тың 40-шы Президенті Рональд Рейган «зұлымдық империясы» деп атау берген Кеңестер Одағында «мемлекетті индустрияландыру», «халық жауларын әшкерелеу», «елдің қорғаныс қабілетін нығайту», «тың және тыңайған жерлерді игеру», т.б. сылтаулармен салауатты адамның санасына сыймайтын толып жатқан оқиғалар орын алғаны белгілі. Адамдарға тигізетін игілігінен гөрі саяси мақсаты басым бұл науқандардың барлығы дерлік қазақ жерінде және жергілікті ұлттың мүддесіне қайшы жүргізілді. 1961 жылы басталған «ғарышты бағындыру» бастамасы соның бірі еді. Семей ядролық сынақ полигонымен қатар, Байқоңыр ғарыш айлағы қазақ жеріне радиация уын шашып ондаған жылдар жұмыс істеп жатты. Олардың тұрғындарға тигізетін зардабы туралы ақпарат таратылмады. Жобаларға қазақтардың қатысуына тыйым салынды. Яғни, бұл істерде метрополияның отар халықтарға жасайтын өктемдігі мен қысымы айқын көрінді. Қазақ жерімізден ұшырылып жатқан ғарыш кемесі экипаждарының құрамына ең болмаса жергілікті азаматтардың бірі қосылсын деген республика өтінішін орталық құлағына да қыстырмады. Сөйтіп, КСРО салтанат құрып тұрғанда білімі мен біліктілігі, ақыл-парасаты, кәсіби даярлығы жеткілікті әскери ұшқыш Мұхтар Алтынбаев «денсаулығы жарамсыз» деген сылтаумен ғарышкерлер қатарына қабылданбайды. Кейін генерал шенін иеленіп, Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі лауазымында қызмет атқарған қоғам қайраткерінің мәртебесі одан кеміген жоқ. Тек қазақ баласының жұлдызды сәті бірнеше жылға кейінге шегерілді.
1991 жылғы 2 қазан – Тоқтар Әубәкіров ғарышқа көтерілген сәт. Мәскеу бұл жолы қазақ азаматының «денсаулығы жарамсыз» деп сылтау айта алмады. Тоқтар Әубәкіров КСРО-дағы саусақпен санарлық сынақшы-ұшқыштың бірі болатын. Оның үстіне, уақыт басқа еді: Одақ құрамындағы біраз республика дербестігін жариялап, Тәуелсіздік Қазақстанның да есігін қағып тұрған.
Иә, Тоқаң өзін Жер планетасының перзенті санайды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай өсиетіне адал тұлға жарық жалғанның игілігі баршаға ортақ болғанын қалайды. Бірақ, мұхиттар мен құрлықтарға, ендіктер мен бойлықтарға, мемлекеттерге, діни сенімдер мен ұлттық мүдделерге, т.б. бөлініп жатқан жерде ортақ мақсат, ой-пікір болуы мүмкін емес.
Отан алдындағы қызметін әскери әуе күштерінің элитасында бастап, ұлт мүддесі үшін ғарышқа самғап, азаматтық темір жолда түйіндеген Тоқаңның мерейтойы қарсаңында сөзді оған мықты денсаулық, бақытты болашақ тілеген кезекші пікірмен түйіндеу олқы сияқты. Сондықтан, тілеуқор інісі ретінде өзім де осынау ұлы тұлғаға өмір сыйлаған асыл топырақтың бір шөкімі, саф ауаның бір жұтымы, мөлдір судың бір тамшысы болғанымды мақтаныш ететінімді жеткізгім келеді.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



