Өткенге құрмен – бүгінгі міндет

31 мамырда біз жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Жазықсыз жапа шеккен отандастарымыздың рухына тағзым етеміз. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын негізге ала отырып, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Зұлмат жылдар қасіреті» тақырыбындағы тарихи-танымдық онлайн кеш өтті.

Жиын тоталитарлық режимнен қаза тапқандарды еске алу, жастарды қазақ халқының өміріндегі қайғылы оқиғалармен таныстыру, демократия, бостандық, жеке бастың қадір-қасиеті, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу рухында тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.

Оған Қарағанды техникалық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Қасымова, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Сақтағанова және Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылынан саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің экскурсия жетекшісі Гүлнұр Төлепбергенова қатысты.

Қазақстан 1932-1933 жылдарда өз тарихындағы ең қаралы беттердің бірі – Ұлы ашаршылықты басынан өткерді. Елдегі ашаршылық еріксіз ұжымдастыру саясатына байланысты бүкіл КСРО-ны қамтыған ашаршылықтың бір бөлігі болып саналғанына қарамастан, қазақ одан қатты зардап шекті.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде биыл «Голод в Центральном Казахстане 1931-1933 годах: причины, последствия» жобасы бойынша, мұрағат материалдары мен естеліктер негізінде жұмыс басталды. Жобаға тарихшы, филолог, заңгер және әлеуметтанушылар атсалысуда. Тарихшылар облыс аумағындағы архивтерде жұмыс жасап жатыр. Өзім де 4 айдан бері архив ақтарып жүрмін, – деді Зәуреш Ғалымжанқызы.

Жұрт назарына ұсынылған саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне виртуалды экскурсия жасалды.

Тарихшылар мемлекет тарихындағы ауыр және қайғылы кезең туралы тың деректермен бөлісті. Тоталитарлық режим жасаған қылмыстардың ауқымы туралы тарихи дәлелдерді мұқият зерделеудің маңыздылығын атап өтті.

Ал, Сәуле Қасымова осы қасіретті жылдарда елі үшін басын қатерге тігіп, аянбай еңбек еткен біртуар тұлғалар – Сәкен Сейфуллин мен Нығмет Нұрмақтовтың өнегелі өмір жолы мен қиындыққа толы қызметіне тоқталды.

Мұрағат құжаттарын, естеліктерді жинау, аштық куәгерлерінің сұхбаттарын алу өте қиын. Жобаға студенттер мен магистрлердің қатысуы қуантады. Шетелдік зерттеушілерді бірлескен жұмысқа тарту да қолға алынды. Кітапханамызда «Зұлмат жылдар естелігі» атты кітап көрмесі де ашылды. Оған да университет студенттері мен оқытушылар қатысты. Жалпы, тарихты түгендеуге, оған жаңа заман тұрғысынан қарауға ұмтылыс зор, – деді Ж.Бектұров кітапханасы музей-кабинетінің жетекшісі Жұлдыз Қатева.

Шара соңында кітапхана директоры Нұргүл Қаленова бұл күннің мән-маңызына тоқталып, жиынға қатысқан қонақтарға рахметін айтып, Алғыс хат табыстады.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ата-бабамыздың қандай сынақтарды басынан кешіргенін еске салады және егемендіктің, азат күннің қадірін ұғуға, барымызды бағалауға көмектеседі. Әрине, ең бастысы – елдегі бейбітшілік пен келісім. Боздақтарды еске алу біз үшін қасиетті және маңызды іс.

Жәлел ШАЛҚАР.