Тиянақтылық – құқық кепілі

Ата заңымызға сәйкес, әркім құқық субъектісі ретінде танылуына және өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы. Қазақстан Республикасы Бас прокуратура-сының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Әскери басқармасы еліміздегі барлық әскери органдарда тіркелген жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алып, тиісті мерзімде жауап беруі керек.

Әскери басқарма мәліметтердің айқындылығы мен толықтығын қолданыстағы заңнамаға сай жүргізеді. Өтініштерді қарау мерзімінің сақталуын қадағалап, статистикалық мәліметтердің қалыптастыруын жүзеге асырады.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы еліміздің әскери органдарына барлығы 17 891 өтініші тіркелді. Оның ішінде 14 724-і жеке және 3167-і заңды тұлғалардан келіп түсті. Олардың 11 916-ы қанағаттандырылып, 3591-не жазбаша түсініктеме берілді. Ал, 1965-і басқа органдарға уәкілеттілігі бойынша жолданса, 433-і қанағаттандырудан бас тартылып, 76-сын өтініш берушінің бастамасы бойынша қарау тоқтатылды.

Көрсетілген мәліметке сүйенсек, әскери органдар арқылы түскен өтініштің 66%-ы қанағаттандырылып, 20%-на заң талаптарына сай түсініктеме беріліп, ал 11%-ы басқа органдарға жолданып, тек 2%-на ғана қанағаттандырудан бас тартылған.

Аталған көрсеткіштер азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерінің іске асқандығы мен қажет мағлұматтардың берілгенін көрсетеді.

Түскен өтініштердің басым бөлігі зейнетке шыққан әскери қызметшілердің тұрғын-үй үшін біржолғы өтемақыларын төлеу, еңбек өтілі, жалақысының мөлшері және әскери қызметін өткерген мерзімі жайындағы анықтама алу сынды мәселелерді қамтыған.

Өтініштерді қарастыру барысында оларды қарау мерзімінің бұзылу деректері де кездесті. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сәйкес, әскери органдар 2019 жылы 42 өтінішті қарастыру мерзімін бұза отырып қараған, яғни, өтініш берушілерге жауаптары заңда көрсетілген мерзімнен кешіктіріліп берілген. Осыған орай, заң бұзушылыққа жол берген 43 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы Заңның талаптарына сәйкес, өзге мемлекеттік органдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексерілмейтін жеке және заңды тұлғаның өтiнiшi мекемеге келіп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қаралуы керек. Ал, тексеруді қажет ететiн өтiнiштер мекемеге келiп түскен күнінен бастап, күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қаралып, шешiмі қабылдануы қажет.

Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргiзу қажет болған жағдайда қарау мерзiмi күнтiзбелiк отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Ал, оны шешуге құзіретi жүрмейтін мемлекеттік орган – өтiнiшті үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей тиiстi субъектiлерге жiберiп, бұл жайлы өтініш берушiге хабарлауы тиіс.

Р.Ермеков, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Әскери басқарманың Орталық аймағы және  Приозерск гарнизоны бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында заңдылықты қадағалау прокуроры.