Тіл үздіктеріне қала әкімінің сыйлығы тапсырылды
Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Тіл үздігі» байқауы өтті.
Ұлт ұстазы, Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Тілдер күні мерекесіне орай өткізілген шара мемлекеттік тіл мен шет тілін оқытып жүрген оқытушыларға қолдау көрсету, олардың кәсіби әлеуетін дамыту, озық тәжірибелерін тарату, тілдерді оқыту орталықтарының оң имиджін қалыптастыруды мақсат етті.
Қала әкімінің «Тіл үздігі» сыйлығы 8 номинация бойынша тапсырылды. «Үздік оқытушы» номинациясымен «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Әсия Смыкова, «Үздік тыңдаушы» номинациясымен «Алмагүл» балабақшасының тәрбиешісі Ирина Магина, «Үздік тіл жанашыры» номинациясымен «Баләлем» тілдерді оқыту орталығының жетекшісі Жанна Кұттыбаева, «Шет тілін үздік оқытушы» номинациясымен Ә.Сағынаев атындағы Қарағанды техникалық университетінің шет тілдер кафедрасының аға оқытушысы Гүлсара Амангелдина, «Мекеменің үздік қызметкері» номинациясымен облыстық тілдерді оқыту орталығының қызметкері Әсет Есмағамбетов, «Үздік тіл майталманы» номинациясымен тілдерді дамыту басқармасы жанындағы ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Жақан, «Үздік жас маман» номинациясымен «Болашақ» жоғарғы колледжінің оқытушысы Ақбота Бекимұратова, «Үздік тіл маманы» номинациясымен қоғам белсендісі Эльмира Сайлауқызы марапатталды.
Жеңімпаздардың әрқайсысына 250 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен дипломдар тапсырылды.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz