«Тіл — әлеуметтік құбылыс»

Кеше облысымызда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа емле ережелерінің қанатқақты жобасының бастапқы сынамасын өткізді. Аталмыш орталықтың атқарушы директоры Ербол Тілешовтің айтуынша, 2019 жылдан даярлық тобына баратындар жаңа латын әліпбиімен оқитын болады. Олар үшін пилоттық деңгейде оқу құралдары да дайындалмақ. Ал, 2020 жылы қазақ мектептеріндегі 1-сыныптардың барлығы толықтай жаңа әліпбиге көшеді.

Сауалнамаға 300-ге тарта адам қатысып, пікірлерін білдірді. Олардың қатарында облыстағы департамент, басқарма өкілдері, әкімдік мамандары, ЖОО-лардың оқытушылары мен мектеп мұғалімдері бар.

Шараның мақсаты – қазақтілді қауым өкілдері арасында сынама сауалнама жүргізу арқылы жаңа емле ережелері жобасын әзірлеу барысында туындаған мәселелердің шешімін табудың тиімді жолдарын анықтау. Сынаманы ұйымдастырушыларды қазақ мәтінін құрайтын төл, кірме және шетел сөзін латын әліпбиімен таңбалауда қатысушылардың артықшылық берген жазба-үлгілері (орфограммалар), бөгде сөзді жазу арқылы игеру тетіктерін анықтау сияқты жаңа емле үшін маңызды болып табылатын мәселелер қызықтырып отыр. Бұл – апробацияның бірінші деңгейі. Сынама сауалнама небәрі Салтанат ИЛЬЯШОВА, «Орталық Қазақстан» алты сұрақтан тұрады. Яғни, халыққа түсінікті тілмен күнделікті қолданыстағы сөздердің жазылу үлгілері ұсынылған. Жұмыс аяқталғаннан кейін орфографиялық және әдістемелік жұмыс тобы өкілдерінің қатысуымен Алматы қаласында өтетін семинар барысында апробация кезінде көтерілген мәселелер, ескертулер қарастырылады. Өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қазақ тілі кафедралары бар жоғары оқу орындары мен мектептерге жіберіліп, әбден пысықталғаннан кейін ғана күз айында ұлттық комиссияның алғашқы отырысына қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жаңа емле жобасы ұсынылады. Содан кейін ғана, қазақ тілін латын әліпбиіне 25 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жоспарымен желтоқсан айына дейін жаңа әліпбидің жаңа емле ережелері бекітілетін болады.

Қарағанды – сынама сауалнама өткізіліп отырған екінші облыс. Бұған дейін Ақмола облысында және «Балдәурен» оқыту-сауықтыру орталығында 250 баладан сауалнама алынған.

Емле-ереже жоспар бойынша осы жылдың қыркүйек айында берілуі керек. Оның жобалық нұсқасын Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты дайындап, «Тіл-қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы сараптамадан өткізіп, әдістемелік жағын ұйымдастыруда. Ең соңғы жобалық нұсқасы дайын. Ендігі міндет – Қазақстанның 5 облысы мен 2 қаласында сынама сауалнама жүргізу. Сауалнама негізінде айтылған ескертулер мен ұсыныстар орфографиялық топ мүшелеріне ұсынылады.

– Кеңес үкіметі кириллицаны қатаң саясатпен енгізсе де, тіліміз 17 жыл бойы, яғни, 1957 жылға дейін бағынбай келді. Өзбек, түркімен, әзірбайжан халықтары да әліпбилерін бірнеше рет өзгертті. Түріктің 1928 жылы бекітілген әліпбиі 1988 жылға дейін 60 жыл бойы өзгеріске ұшырап келген. Тіпті, 500 жылдық тарихы бар испан қарпіне де өзгерістер енгізілмекші. Немістер де қазір осыған қатысты мәселе көтеруде. Жыл өткен сайын халықтың дыбыстық жүйесі, дүниені бейнелеуі көптеген өзгерістерге ұшырайды. Қазір 70-інші жылдардағы үлкендер мен жастардың сөйлеу интонациясында айырмашылық үлкен. Тіпті, орыс тілін аударып сөйлейтіндер де бар. Осының бәрін есепке ала отырып, ғалымдар бір емле ережесін дайындады. Тіл – лингвистикалық қана емес, әлеуметтік құбылыс. Тіл – халықтың қазынасы, күнделікті құралы. Сондықтан, құрал иесімен ақылдаспай, оның емле-ережесін өзгертуге болмайды. Апробация өткізудегі мақсатымыз – осы. Мемлекет деңгейінде тұңғыш рет әліпби қабылдап жатырмыз. Таңбамыз жаңғырмайынша, жаңа өмірді көрудің жаңа бейнесі, жаңа форматы қалыптаспайынша рухани жаңғыру қиын, – дейді Ербол Тілешов. Сондай-ақ, кез келген адам «Тіл әлемі» сайтында өзінің пікірін білдіре алады. «Тіл-қазына» ұлттық ғылымипрактикалық орталығы өкілдерінің айтуынша, жаңа әліпбиге қатысты 21 мың пікір айтылған. Оның бәріне мониторинг жүргізіліп, ұсыныстар ескерілетін болады.

Сынама сауалнамаға қатысушылардың жаңа емле ережелеріне қатысты пікірлері де оң.

– Тесттің қиындығы болған жоқ. Латын графикасын ең алғаш енгізген сәттен бастап, әріптерді зерделей бастадым. Латын әліпбиінде «ю», «ё» әріптері қарастырылмаған. Осы әріптерге қатысты оларды қалай қолдану керек, қалай дұрыс болады деген сұрақтар болды. Сауалнамаға қатысушылардың пікірі ескеріледі деген ойдамын, – дейді Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Айдана Жүніс.

Ал, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зүлфия Қасымжанова «тапсырмаларды орындау барысында келіспейтін тұстарым да болды», – дейді. Мәселен, «Мүбәрак» деген сөзді неге біржола «Мүбәрәк» демеске? Біріккен сөздерде де қатар тұрған екі дауыстының біреуі түсіп қалса, латын әліпбиінде тиімдірек болар еді әрі оқушыларға үйретуге де қолайлы. Латын әліпбиінде жіңішкелік белгісі жоқ. Мысалы, «гастроль» демей «гәстрөл» деп жаза берсек, қазақ екенімізді көрсететін жақсы бір дүние болар еді деген ойда.

Тілі жоқ елдің өзі де жоқ. Тілімізді бір жүйеге келтірер болсақ, алдымызға қойған мақсатымызға жеткеніміз. Сауалнама барысында көкейде жүрген сұрақтарымызды қойдық. Өзге тілден енген медицина, цирк, пицца деген сөздерге қатысты ұсынысымызды жаздық, – дейді Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Гүлнар Шәкенова.

Шара соңында Ербол Тілешов сауалнаманы ұйымдастыруға атсалысқан облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Гүлнарайым Қаңтарбековаға алғысын білдірді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.