Бас тақырыпҚазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

The New York Times «Қазақстан атом қару-жарағы жөнінде Пакт қабылдайды»

Қазақстанның Тәуелсіздік алғанда ядролық арсеналы күшті әлемде төртінші елге айналу мүмкіндігі болған. Сол уақытта құрлықаралық баллистикалық зымырандарға арналған 1216 оқтұмсық және ауыр бомбардирлердің зарядтары, жаппай қырыпжоятын заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған ядролық стратегиялық күштер кешені орналасқан еді Қазақстанда. 1400 ядролық оқтұмсықты – стратегиялық 104 Р-36М зымыраны, құрлықаралық зымырандарды ұшыратын 148 шахта қондырғысы, ауыр МБР СС-18 оқ-зарядтардың үштен бірі, Байқоңыр ғарыш айлағында баллистикалық зымырандарды сынақтан өткізетін маңызды нысандар жұмыс істеп тұрған. Мұның сыртында өз ядролық қаруын жасауға мүмкіндік беретін барлық ғылыми-зерттеу, өндіру және өндіріс инфрақұрылымы және бар-тын. Бірақ, Қазақстан әлемде бірінші ел ретінде бұдан бас тартты. Мұны әлем тарихи оқиға һәм шешімге балап жатты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы мамырда АҚШ Президенті Дж.Бушпен ядролық қаруды жойып, ядролық қару-жарақсыз мемлекетке айналдыру жөнінде келісімге келді. Оны АҚШ-тың әйгілі «The New York Times» газеті 1992 жылғы 22 мамырындағы номерінде жазды. Материал «Kazakhstan Accepts Atom-Arms Pact», яғни, «Қазақстан атом қару-жарағы жөнінде Пакт қабылдайды» деп аталды. Арада 30 жыл өтсе де бұл тарихи құнды құжат «The New York Times»- тің архивінде әлі де сақтаулы…

«The New York Times» газетінің тілшісі Майкл Винс 1992 жылдың 22 мамырында «Бүгін Президент Буш пен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұрынғы Кеңес республикасын он жыл мұғдарында ядролық қару-жарақсыз мемлекетке айналдыру туралы жоспар жөнінде келісімге келді» деп сүйіншілепті.

Бұдан әрі Майкл Винс «Бүгін аяқталған Вашингтонға екі күндік сапары барысында Назарбаев мырза алысқа ұшатын SS-18 ядро зымыранының 104- ін жоюға уәде берді. Олардың әрқайсысы 10 оқтұмсықпен жабдықталған, мұның бәрі дәл қазіргі уақытта Қазақстанда орналасқан. Ол, сондай-ақ, Қазақстан 1978 жылғы ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қоятынын, өз елінің Парламенті мақұлдағаннан кейін өз елін ядролық қаруды немесе оның компоненттерін әзірлемеуге және сатпауға міндеттейтінін мәлімдеді» дейді.

АҚШ шенеуніктері үшін бұл келісімінің маңызы не еді? «Бұл келісімінің негізгі ықпалы – ендігі жерде Кеңес империясының ескі ядролық арсеналын Ресей шекарасы шегінде толық біріктіріп, жою тікелей Мәскеумен келісілетіндігінде болып отыр» деп кейінірек мәлімдеді АҚШ-тың ресми тұлғалары.

«Бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқан Ресеймен бейресми келіссөздер әлі де аздық етеді. Олар маусымның ортасында, Ресей Президенті Борис Николаевич Ельцин Вашингтонға мемлекеттік сапармен барғанда күшейеді», дейді шенеуніктер.

Дүйсенбі және бүгін Буш мырзамен және Мемлекеттік хатшы Джеймс А.Бейкермен келіссөздер барысында Н.Назарбаев мырза Президент Буш пен Кеңес Одағының бұрынғы Президенті М.Горбачевпен 1991 жылғы шілдедегі жоғары деңгейдегі соңғы кездесуінде қол қойған стратегиялық ядролық қаруды қысқарту туралы шарттың қайта қаралған нұсқасына қол қоюға келісті».

Келісім ресми түрде «АҚШ пен КСРО арасындағы стратегиялық қару-жарақты қысқарту туралы келісім» деп аталады. Бірақ, кейін оны бұзу шарты деп атайды. «Кеңес Одағы ыдырап, Горбачев мырза кез келген ел шартты күшіне енгізбестен бұрын өз беделін жоғалтты, содан бері әкімшілік Мәскеудің ядролық арсеналын мұра еткен төрт елді келісімнің шарттарын қайта қарауға келісуге көндіруге күш салды.

«Хаттама деп аталатын бұл қайта қарау Келісім күшіне енгеннен кейін жеті жыл ішінде Ресейден басқа, оның барлық кеңес мемлекеттерінен ядролық қарудан құтылуды талап етеді. Сондай-ақ, ол елдерге ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қоюды және олардың шекараларындағы Халықаралық ядролық қондырғыларды тексеруге мүмкіндік беретін шарттарды сақтауды міндеттейді. Бүгінгі хабарландырумен Әкімшілік осы екі елді – Қазақстан мен Украинаны – қайта қаралған құжатқа қол қойғаны туралы жария етті. Қалған екі ядролық мемлекет, Ресей мен Беларусь, негізгі процедуралық мәселелер шешілгеннен кейін келісімге қол қояды деп күтілуде», – деді Мемлекеттік департаменттің бас еуропалық сарапшысы, Мемлекеттік хатшының көмекшісі Томас Найлс», – деп жазды.

Майкл материалында Бейкер мырзаның Елбасымен сол күні кеште кездесетінін айтады. Онда американдық шенеуніктер сақтық танытуға шақырыпты Бейкерді. Бұл кездесудің мақсаты – келісімге келмеген кей мәселелерді қарастыру екен. Аңдасақ, АҚШ Нұрсұлтан Әбішұлымен сөйлесуде аса абай. Неге екен? Біздіңше, мұнша ядролық қаруы бар мемлекеттің сол кездегі күш-қуатынан соңғы сәтке дейін сескенген. Келісімді бұзып алмауға ықтияр болған. Осы сапарынан Елбасы мұнай кен орындарын игеруге АҚШ-тан инвестиция әкелген елге. Ал, оның тоқырап тұрған ел экономикасының тамырына қан жүргірткенін қайталап айту – артық.

«Назарбаев мырза Ақ үйден қазақстандық мұнай кен орындарына американдық Chevron компаниясынан 10 миллиард доллар көлемінде инвестиция құйып, тарифтер мен бизнес үшін басқа да кедергілерді төмендететін сауда келісімімен, Буш мырзаның Қазақстанда орналасқан америкалық кәсіпорындарға федералдық заемға кепілдік беру міндеттемесі және бизнеске инвестицияларды ынталандыратын екі жақты келісіммен кетті», – деп жазады «The New York Times». Елбасының әлемдік саясаттағы мұндай қадамы көптеген тарихи оқиғаларға зор әсер етті.

Бұдан соң Лиссабонда АҚШ өкілдері аталған төрт мемлекеттің аумағында орналасқан стратегиялық ядролық күштерге қолданылатын Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қойды. Лиссабон Хаттамасында Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды.

1994 жылғы 5 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның Будапешт саммитінде ядролық қарусыз мемлекеттер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқақосылуына байланысты жоғарыда айтылған мемлекеттерге Қауіпсіздік кепілдігін беру туралы Меморандумға Ресей, АҚШ және Ұлыбритания қол қойды.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button