Жаңалықтар

Теміртаудың темірқазығы еді…

Сурет автордан

Қазақтан туған Қасымдардың осалы болған емес. Сұлтан Қасым Кенесарыны дүниеге әкелді. Дауылпаз Қасым «Кері кетуге шақ қалған қазақ поэзиясын өзінің қуатты қолымен жұлқа тартып, орнына қойған адам» (Жайық Бектұров).
Ал біз танитын Қасым Ботанов ағамыз да осал емес еді. Қаны сияға, кеу­десі шанаққа айналған жан. Теміртауға табан тіреп, бар ғұмырын сарп етіп, қазақылықтан кете бастаған қаланың темірқазығына айналды.
Руханиятын тіреп ұстап, түлетті. Сонау тоқсаныншы жылдары Теміртаудың азғантай қазағы қазақ газетін шығармақ болғанда, өз кеңсесінің екі бөлмесін босатып бергені осының айғағы емес пе?
Өлең жазу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ. Бәлкім сор. Дауылпаз Қасым салған даңғыл жолға түсіп, өз әлемінде томаға-тұйық ғұмыр кешу аса жеңіл болмаса керек. Оның үстіне әдеби ортадан тыс, жеке-дара жүру.
«Дауласудан, жауласудан дін аман,
Кәдімгі бір қорқатындай кінәдан.
Ережесіз, қағидасыз өмірде,
Қарға адым жер аттамайды бұл адам…
Көңіл шіркін сабасына келе алмай,
Күн кешесің ережені жеңе алмай.
Белгілі жай еш күнәсіз жүріп-ақ,
Пейішке де қаламыз ғой ене алмай» деп мұңаяды ақын.
Бұл ақындардың елеусіз қалған, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманда жазған мұңы болса керек. Ақынның мұңын тыңдайтын кім бар?!
Құрыш құйған Теміртауда, жыр құйған Қасым ақсақал жоқ енді. Тек өлеңдері қалды. Өлеңінде мұңы мен шері қалды. Теміртау теңселіп тұр. Қош, қария!

Жанат Жаңқашұлы,
ақын,
Қазақстан Жазушылар
одағының Қарағанды облысындағы өкілі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button