ТеміртауАймақБас тақырып

Теміртауда «Заң мен тәртіп» жобасы аясында жалпы қалалық жаттығу өтті

Теміртауда «Заң мен тәртіп» жобасы аясында Stark Gym фитнес-клубымен бірлесіп жалпы қалалық жаттығу ұйымдастырылды. Орталық «Металлург» стадионында өткен спорттық шараға 400-ге жуық тұрғын қатысып, таңғы уақытын дене шынықтыру мен белсенді қимыл-қозғалысқа арнады.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене белсенділігін арттыру және спортпен тұрақты түрде айналысу мәдениетін қалыптастыру. Қатысушыларға кәсіби жаттығу жасауға мүмкіндік беріп, спортты күнделікті өмір салтына айналдырудың маңызын көрсету де шараның негізгі міндеттерінің бірі болды.

Жаттығуды Stark Gym фитнес-клубының кәсіби жаттықтырушылары жүргізді. Мамандардың жетекшілігімен қатысушылар денені шынықтыруға, бұлшықеттерді сергітуге және жалпы қимыл белсенділігін арттыруға бағытталған жаттығулар кешенін орындады. Белсенді қозғалыс пен жағымды көңіл күйге ұласқан жаттығу таңғы уақытты мазмұнды өткізудің тиімді үлгісін көрсетті.

Жаттығу бағдарламасы дене дайындығы әртүрлі тұрғындарға бейімделіп, әр қатысушының өз мүмкіндігіне қарай орындауына жағдай жасалды. Осылайша, спортпен тұрақты шұғылданып жүргендермен қатар, дене белсенділігін енді бастаған азаматтар да ортақ жаттығуға белсене қатысты.

Мұндай бұқаралық спорттық шаралардың маңызы зор. Өйткені салауатты қоғам қалыптастыру тек кәсіби спортшылардың жетістігімен өлшенбейді. Оның негізі – күнделікті қозғалысты өмір салтына айналдырған, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын белсенді азаматтар.

 

«Заң мен тәртіп» жобасы аясындағы бұл бастама да тұрғындардың қоғамдық белсенділігін арттырып, дені сау әрі сергек қоғам қалыптастыруға бағытталған игі шаралардың біріне айналды.

Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын алдағы спорттық бастамаларға белсенді қатысып, денсаулыққа пайдалы әдеттерді күнделікті өмір салтына айналдыруға шақырады.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button