«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»

Теміртаудағы бірегей орталық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «…жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерниалистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді» деп, алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете берілетінін айтқан болатын.

Мемлекет бұған дейін де кәсібін ашып, өз-өзіме жұмыс істеймін дегеннің қолынан қағып, бетін қайтарған емес. Талаптанғанды тегін оқытып, қалтасына қомақты болмаса да, бастапқы капиталын салып беріп, салықтан да босатты. Қалағаныңша кәсібіңді дөңгелетіп, миығыңнан күліп отыра бер. Басқа не керек?! Бірақ, жоғарыда айтқан «патерниалистік пиғылдан» арыла алмай, әлі де болса мемлекетке алақан жайып, тегін дүниені қарпып қаламын деушілер жоқ емес. Бірақ, нарық заманы ешкімді де аямайтынына көзін жеткізіп, санасын түбегейлі өзгертіп, шағын да болса кәсіп ашып, одан бөлек, өзгелерге де көмек қолын созып отырған кәсіпкерлер облысымызда жоқ емес. Солардың бірі – Теміртау қаласында балаларға арналған «Кувырком» ойын-сауық орталығын ашқан Александра Швец. Теміртаудағы «Махаббат» сауда үйінің екінші қабатында орналасқан Александра Анатольевнаның орталығының бір ерекшелігі – осы жерге сауда жасауға келген ата-аналар балаларын қалдырып кете алады. Одан бөлек, әр түрлі мерекелік шаралар өткізуге арналған жеке бөлмесі тағы бар.

Теміртаулық балалардың мерекелерін қуанышқа бөлеп жүрген «Кувырком» ойын-сауық орталығы облыстағы бірегей орталық деуге әбден болады. Аталған мекеме басшысы Александра Швецтің айтуынша, балаларды уақытша қалдырып кетуге болатын осындай орталықтар болғанымен, олар тек сәбилерді қарауға ғана маманданған. Ал, «Кувырком» орталығында барлық жастағы балаларды қалдыруға болады. Ата-анасы алаңсыз, сауда орталығында шаруасын бітіріп алғанға дейін балаларына алаңсыз.

Балалардың «Кувырком» ойын-сауық орталығы өткен жылдың желтоқсан айынан бері жұмыс істеп тұр. Әуелде, карантин кезінде осындай орталық ашсам деген ой пайда болды. Содан, «Бастау бизнес» жобасы арқылы оқудан өтіп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгердім. Ал, 2021 жылдың тамызында 583,4 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алып, жұмысты бастап кеттік. Бұл қаражатқа қажетті жабдықтар, ойыншықтар сатып алдық. Қазір бизнес-идеям табысты жүзеге асуда, жаңа жұмыс орындарын құру да жоспарда бар, – дейді Александра Швец.

«Кувырком» орталығы демалыс күндері кемі 100 балаға дейін қабылдайды. Ал, жұмыс күндері бұл сан әлбетте азаяды. Бірақ, орталық қызметкерлері жұмыссыз емес. Қазірдің өзінде айына 15- 20-ға дейін туған күндер өткізсе, бұл көрсеткішті 30-ға дейін жеткізу жоспарда бар.

Біз ойын-сауық бағдарламаларын ұсынамыз. Егер туған күнге орай тақырыптық шара өткізетін болсақ, ол үшін арнайы киім дайындаймыз. Ол үшін тігіншімен серіктестік орнаттық. Яғни, өзіміз ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтимыз. Ал, «Наурыз», «Масленица», «Жаңа жыл» мерекелерінде ойындар өткізіп, балаларға тәттілер таратамыз. Мысалы, Наурызда бауырсақ таратсақ, Масленицада құймақ бердік, – дейді Александра Анатольевна.

Одан бөлек, «Кувырком» орталығында балаларға аквагриммен айналысу мүмкіндігі де бар. Тіпті, теміртаулық балаларға орталық Қарағандыға бармай-ақ, ғарыш әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік ұсынады. Ол үшін Александра Швец Қарағандыдағы мобильді планетаримен серіктесе жұмыс істейтіндерін айтады. Балалар арнайы бағдарлама көмегімен алыс жұлдыздар мен планеталар әлеміне еніп, бірнеше секунд ішінде алыс шоқжұлдыздарды кесіп өтіп, жаратылыстанудың құпияларын және әлемнің құрылымын көре алады.

Сондай-ақ, орталық рептилия, түрлі жәндіктер, бауырымен жорғалаушыларды асырайтындармен де бірге жұмыс жасайды. Яғни, орталыққа келген балалар, олардың өмірімен танысып, танымдарын арттыра алады.

«Кувырком» орталығының жұмысы бұнымен ғана шектеліп қалмайтынын айтады Александра Швец. Жоспарда қайырымдылық шарасын ұйымдастыру бар. «Теміртаудың кішкентай тұрғыны – Светаның емі үшін балаларға арналған қызықты бағдарлама ұйымдастырып, жиналған қаржыны оның анасына аударамыз. Бұл бір ғана мысал, осындай акцияларды жиі ұйымдастырамыз» дейді Александра Швец.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button