Жаңалықтар

Теміртауда – татулық мейрамы

Қазақстан халқының бірлігі күні Теміртау қаласының «Восток» мәдениет және демалыс саябағындағы Неке қию сарайының ауласында қала әкімі Ғалым ӘШІМОВТІҢ қатысуымен мерекелік іс-шара өтті. Елбасы еңбек жолын бастаған еңселі шаһардағы татулық мерекесіне біз де ат басын бұрған болатынбыз.

Ауқымды шара алдымен салтанатты шеруден басталды. Қала әкімі, депутаттар, этномәдени бірлестіктердің, Ұлы Отан соғысы ардагерлері кеңесінің, үкіметтік емес ұйымдардың, «Нұр Отан» партиясы Теміртау қалалық филиалының мүшелері, қалалық дене шынықтыру және спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, Теміртау жоғары политехникалық колледжінің және Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің студенттері қатысқан алғашқы колонна Республика даңғылының бойындағы «Старт» дүкені маңынан шеру тартса, қалалық Кәсіпкерлік пен қызмет ұсынушылар кәсіподағының мүшелері, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Теміртау электрметаллургиялық комбинаты» АҚ қызметкерлері, №13, 31, 24 колледждерінің, медициналық колледждің, «Мирас» көпсалалы колледжінің студенттері қатысқан екінші қолонна аталған даңғыл бойындағы «Стилл» қонақүйі тұсынан бастап, Неке қию сарайының ауласына дейін жүріп өтті. Сырнайлатып, кернейлетіп келмегені болмаса, жалау бұлғап, ән шырқағандарын қалай жасырып қалайық?
Сөйтіп, бір таң қалғанымыз, мамырдағы күннің мардымсыз жылуына қарамастан, алаңға жиналған қала тұрғындарының қарасы көп болды. Шеруге қатысқан колонналар қос қапталдан келіп қосылғанда төрт жолақты (трамвай жолын есепке алмағанның өзінде) кең автокөлік жолының өзін таппай қалдық. Еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейін түгел жиналған екен. Әуелеген ән – көтеріңкі көңіл-күйдің айғағы іспеттес. Ауа райынан сезінбеген жылуды адамдардан сезініп, шырайлы жүздердің шуағына бөленгендей болдық. Міне, Теміртаудағы бірлік мерекесі қала тұрғындары үшін осылай басталған болатын.
Дыбыс аппаратуралары орналастырылып, барынша сәндеп-безендірілген Неке қию сарайының кіреберісі салтанатты сахнаға айналып шыға келіпті. Сөйтіп, бір шаңырақ астында берекелі ғұмыр кешкен ұлттар мен ұлыстардың ұлттық киімін киген жастар салтанатты шараны татулықты ту еткен бимен бастап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Бұдан әрмен қала әкімі бастаған бір топ азамат сахнаға көтеріліп, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
– Қадірменді жерлестер, бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Отанымызда 136 ұлт пен ұлыс өкілі берекелі өмір сүрсе, Теміртау қаласында 93 ұлт тұрақтаған екен. Сондықтан, бейбітшілік пен ынтымағымыз артып, алдағы жарқын күндерге деген сеніміміз, мол үмітіміз еселене берсін деймін. Осы ретте, отбасыларыңызға құт-береке тілей отырып, мерекеден мерекеге аманшылықта жетулеріңізге тілектеспін. Мереке құтты болсын! – деді Ғалым Әшімов.
80-нен аса ұлт пен ұлыс еңбек ететін «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы тек Теміртау қаласының, не болмаса, бір Қарағанды облысының экономикасын дамыту мен өркендетуге ғана емес, сонымен қатар, күллі Қазақстан ырысын еселеу жолында да сүбелі үлес қосып келе жатқан кәсіпорын.
– Қадірлі, теміртаулықтар! «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының және өз атымнан баршаларыңызды мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл – елімізде атап өтілетін аса жарқын, шуақты, ізгілікті мейрамдардың бірі һәм бірегейі. Қазақстан Магниткасы – сан түрлі ұлт пен ұлысты ұйыстырған ең бір еңселі кәсіпорын деуге болады. Аталған кәсіпорынның бой көтеруінің өзі – ұлттар мен ұлыстардың татулық тұғыры іспеттес. Ортақ үйіміз – Қазақстанымыз қарыштай берсін, – деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның атқарушы директоры Вадим Басин.
2018 жыл – Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жарияланған болатын. Бұл ретте, ҚР Президенті «Өзбек халқы – біздің жақын көршіміз, Орталық Азиядағы үлкен мемлекеттердің бірі. Сондықтан, Өзбекстанмен байланыс біз үшін қашанда маңызды» деп атап өткен еді. Сөйтіп, салтанатты шара барысында Астана қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің Жастар қанаты төрағасының орынбасары, Теміртау қалалық мәслихат депутаты Фарухжон Құрбанов та сөз алды.
– Елбасының осы жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялағаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Мен 2002 жылы Қазақстанға қарапайым жұмысшы ретінде қоныс аудардым. Алайда, жылдар өте келе жеке кәсіпкерге, ол аз десеңіз, қалалық мәслихат депутатына айналдым. Қазіргі таңда отбасым да келісім мен ынтымақтың үлгісі іспеттес. Мен – өзбекпін. Әйелім – орыс. Сондықтан, ұлтаралық татулықты, қазақстандық ынтымақты мен де бір адамдай сезінемін. Достық мерекесі құтты болсын! – деді Фарухжон Құрбанов.
Шара соңында жиналған жұртшылық «Восток» мәдениет және демалыс саябағындағы сахнаға бет алып, арнайы әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады.

ТЕМІРТАУ қаласы.
Рауан Қабидолдин

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button