АймақТеміртау

Теміртау жылудан тарықпайды

Теміртау қаласында ал­дағы қыста жылумен тұ­рақты жаб­дықтау және апатты жағ­дайларды болдырмау мақсатында жылу жүйелерін жаңғырту ісі жалғасуда.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Тапсырыс берушісі «Теміртау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары» ММ болып табылатын бұл жұмыстарды мердігерлер белгіленген кестеге сәйкес жоспарлы түрде атқарып жатыр.

Соның ішінде, негізгі жобалардың бірі 3-жылу магистралінің 4300 метрін диаметрі 820 милиметрлік құбырлармен жаңалауды «TOLAGAI GLOBAL» ЖШС жүзеге асырып, қазірде оның 2300 метрі төселген. Аталған нысанда жыралар қазу, ескі коммуникация­ларды демонтаждау, жаңа құбырларды монтаждау, сондай-ақ, сол жерлердің сәулет-көркін қалпына келтіру бір мезгілде жүргізілуде.

Қалада мұнымен қатар Ушинский көшесі мен Бейбітшілік даңғылындағы жылу тораптарын Құрылысшылар даңғылынан 018-ЖК аралығында жаңғыртуды тағы бір мердігер «Мелиоратор» ЖШС қолға алған. Басында 2025-2026 жылдарға арналған екіжылдық бұл жоба жұмыстарының биылға дейін 60 пайыздайы орындалды. Осы учаскеде құбырөткізгіш әуе желісінің демонтажы толық аяқталып, темірбетон тіреулер қойылып (40 пайыздайы біткен), сондай-ақ, брусчаткаларды демонтаждау да тәмамдалыпты. Мұнда диаметрі 630 мм құбырларды жеткізуде кі­діріс жоқ.

«Мелиоратор» ЖШС учаске бастығы Абылай Асанов:

– Қазіргі уақытта осы учаскедегі 20 адам жұмыстарды белгіленген кестеге сай тындыру үстінде. Олар екі тарам бойынша ұзындығы 1300 метр құбыр өткізгіштердің әуе желілерін толығымен демонтаждап, енді жақын арада Бейбітшілік даңғылынан Момышұлы көшесіне дейінгі учаскедегі жұмыстарға кіріседі. Жобаны алдағы қыркүйек айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді.

Бұдан бөлек, жекелеген учаскелерде тарату жылу тораптарының реконструкциясы да жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, ұзындығы 800 метр құбыр өткізгіш диаметрі 426 мм құбыр­лармен ауыстырылып, қазірде демонтаждау жұмыстарының 90 пайыздайы орындалып, аталған учаскенің жартысына жуығы дайын – жаңа құбырларды төсеудің негізі қаланды. Жерасты сулары бұл жұмыстарға біраз бөгесін болғанымен, мердігер ұйымдар штаттық режимнен ауытқымауда.

Осындағы «Әлия-сервис» ЖШС учаске бастығы Сабыржан Қабденов:

– Бүгінге дейін мұндағы демонтаждау жұмыстары бітуге таяу және жылу торабының тең жарымына салынатын құбырлардың астына құм төселді. Нысан басында мамандандырылған техника мен дәнекерлеу бригадалары қимыл жасауда. Жерасты суларына байланысты қиын жағдай тұрақты бақылауда. Жалпы, шаруа кестеге сай жүзеге асуда, – деген еді.

Теміртау қаласындағы жылу желілерін жаңғырту шеңберінде заманауи технологиялар, соның ішінде ППУ-орамы бар құбырлар қолданылса, ол жылу тораптарының ұзақ мерзімге шыдас беріп, энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін айтқан абзал. Жұмыстары орындалған учаскелерге әзірге қояр кінә жоқ.
Жоғарыдағы жобалардың елеулі бөлігін мердігерлер биылғы тамыз-қыркүйек айларында аяқтауды көздеп, оны біткен соң бүлінген жерлердің сәнін қалпына келтіреді.

Сонымен, бұл жобалардың жүзеге асуы келесі қысқы жылыту маусымы Теміртау қаласында да алаңсыз өтіп, тұрғындар жылудан тарықпай, апатты жағдайлардың болмауына кепілдік беретіндей.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ТЕМІРТАУ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button