Теміртау: экологияға алаң, жолға риза

           Әкімдердің ел алдында есеп беруі – билік пен бұқараның бетпе-бетіне пара-пар. Диалог алаңына айналған кездесуде көп көкейіндегін айтып, билік бірқатар міндеттер арқалап қайтатыны анық. Сол міндеттердің жабуымен қалғаны, я жіптіктей орындалғаны да осы есепте және жария етіледі. Бұқара соны естіп, білу үшін жиналады.

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтің есебіне жиналған жұрт баяндамасынан соң сауалын жаңбырша жаудыртуы – соның бір көрінісі. Әсіресе, қала тұрғындары шаһар экологиясына алаң. Әкімге жолданған алғашқы сауал, сондықтан, қаланың лас ауа райына қатысты болды.

 

Теміртау қаласының экологияға қатысты ынталы тобының мүшесі, тілші Анжела Волкович әкім есебінде экология мәселесі неге тілге тиек етілмегендігі және бүгінгі таңға дейін әкімдік пен мәслихат арқылы табиғатты қорғау бағдарламасы жасалмағандығына наразы. Сонымен қатар, Теміртау қаласының экологиясына қатысты «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ға салынған айыппұл және компания тарапынан төленетін өтемақылардан қала бюджетіне  бір тиын да бұйырмайтыны айтылды. Осыған орай табиғатты қорғау бағдарламасын жасау қажеттігі, ал, бұл істе қалалық мәслихаттың қапы қалып отырғаны да ашық  мәлімделді.

Анжела ВОЛКОВИЧ, қала тұрғыны:

– Бүгін баяндамаңызды зейін қойып тыңдадым. Цифрларда Теміртау жағдайы жақсы. Бірақ, баяндамаңызда экологияға тоқталмадыңыз. Біздің Теміртауда, экология жұмсартып айтқанда, қорқынышты. Бұл мәселе, өткен жылы да, биыл да қозғалғанын білеміз. Сіз әкім ретінде экология департаментіне, энергетика министрлігіне хат жазғаныңызды да білеміз. Осыдан соң айыппұлдар белгіленді, Теміртау одан бір тиын да алған жоқ. Экология қалай болды, сол қалпы қалды. Мәслихаттың табиғатты қорғау бағдарламасын жасауын, экологияға қатысты қандай да бір қаражат бөлінуін неге қадағаламадыңыз? Сондай-ақ, баяндамаңызда экология туралы неге сөз қозғалмады?

Қала әкімі мұның аса маңызды мәселе екенін атап өтті және ұдайы назарында ұстағанына тоқталды. Әкімнің айтуынша, әкімдік қол қусырып, қарап отырған жоқ.

– Әлеуметтік салалармен бірге, бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Бүгінгі таңда қаланың дендер жоспарының жобалық-сметалық жобасына техникалық құжаттама жасалуда. Қаржы бөлінді, қаражат бар. Бірінші кезекте қаланың дендер жоспарын жасауымыз қажет. Бұған арнайы мамандар тартылуда, – деді Ғалым Әшімов.

Сондай-ақ, кәсіпорындардың табиғатты қолдану және оған шығарылатын қалдықтарға қатысты жоспарлары барын мәлімдеп, олар бөлген қаржының жеткіліксіздігі де жасырылмады. «Бұл – бір күндік мәселе емес. Қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ», – деді әкім.

Ал, облыстық бюджет экологияға қатысты қаражат бөлуге дайын болған кезде мәслихаттың қарап қалғанына налалы тұрғындар.

Бұдан соң сөз алған қала тұрғыны, облыстық мәслихаттың депутаты болған Асқар Сәрсекенов «Ұрпақтар сабақтастығы» қоғамдық бірлестігіндегі ақсақалдар алқасының жергілікті билікке жазған хатына тоқталды. Онда қаланың ақсақалдар алқасы экологияға қатысты пікірлерін білдіріп, ұсыныстар жасапты. Әкім бұл сұрақтарға жауап беруге уәде етті.

Пионер көшесі қиылысы, 8 үй тұрғыны өздерінің жылусыз, сусыз, кәріз желісінсіз күн кешкендеріне шағынды. «Біз сусыз, кәрізсіз, жылусыз отырмыз. Тоқсаныншы жылдары бәрі болған. Одан соң жоғалды. 2016 жылы «58 млн. теңге су, кәріз тартуға бөлінді. 2017 жылы жөнделеді», – дедіңіз. Алайда, біз көшемізден бір адамды көргеніміз жоқ. Ал, енді сіз келесі жылға уәде еттіңіз. Кімге сенеміз?», – дейді. Ғалым Әшімов жобалық-сметалық құжаттың мерзімі өтіп кеткеннен соң, қайта дайындауға өтініш берілгенін айтады. Құжат алған соң іске кірісетіндерін жеткізді.

Қала тұрғыны Сұлтан Садырбаев жолға қатысты мәселені қозғап, қала жолдарының жөнделгеніне ризашылығын танытты. Сонымен қатар, жеке басының мәселесін шешуге қолұшын созуға өтініш білдірген тұрғын да бар. Денсаулық саласына, ПИК-ке қатысты мәселелер де есеп барысында айтылды.

Тұрғындар қала ішіндегі жолдар мен жаяу жүргіншілер жолы жөнделгеніне дән риза. Жүрекжарды лебіздерін білдіруді де ұмытпады.

Жалпы, металлургтер мекені өткен жылы табыстан құралақан емес екен. Әлеуметтік салада, экономикада, кәсіпкерлікте өсім бар.

Теміртауда осы жылдың басында 2890 кәсіпорын тіркелген. Оның 23-і – ірі, 55-і – орта және 2812-сі – шағын кәсіпорын. Жалпы, өнеркәсіптер өндірген өнім көлемі одан бұрнағы жылмен салыстырғанда 24 пайызға жоғары. 728,5 млрд. теңгені құраған. Инвестицияға 38 млрд. теңге құйылған. 7823 бірлік шағын және орта кәсіпкерлікте 28 мың тұрғын нәпақасын айырып отырса керек. Бұлар 59 млрд. теңгеге өнім өндірген. Әлеуметтік салаларға да бөлінген қаржы  орнымен жұмсалыпты. Түрлі жобалар да табысты. Әкімдік жұмысы Президент белгілеп берген тапсырмалар мен міндеттерді орындауға жұмылып, Елбасы тапсырмаларын  темірқазық етіпті.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.