Руханият

Театрдағы түн

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Дүниежүзілік театр күніне арналған «Театрдағы түн» мерекелік шарасы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұловтың қатысуымен өткен жиынға аймақтың іргелі төрт театрының қызметкерлері қатысып, арасынан жиырма үші түрлі аталым бойынша марапатталды.

– Театр майталмандарын, қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтаймын, шығармашылық табыс тілеймін. Арқа өнері, оның ішінде театр өнері елімізде жетекші орында десем, артық емес. Жұмыстан шаршасақ, өнерді аңсасақ театрға келеміз. Сәкен театры мен Станиславский театры 100 жылдыққа желкенін керсе, Қарағанды музыкалық комедия театры биыл 50 жылдығын тойлайды. Бұл салаға билік тарапынан қолдау бар, ол алдағы уақытта да жалғасады. Берері мол қойылымдар жиі қойылып, залдың көрерменге толы болуына тілектеспін, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

«Жылдың үздік режиссері» болып, С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбан танылды.

– С.Сейфуллин атындағы театрға келгеніме екі жыл болды. Осы уақыт аралығында он екі спектакль қойдым. Жұмысымның жоғары бағаланғанына қуаныштымын. Мұнымен тоқтамай, табанды жұмыс істеп, көрерменді қуантуға күш саламын, – деді Айдын Абзалбекұлы.

Ал, К.Станиславский атындағы облыстық академиялық орыс драма театрының директоры Дунай Еспаев театр күні – театр әртістерінің ғана емес, сахна артында жұмыс істейтіндер мен көрермендердің ортақ мерекесі екенін атады.

«Жылдың үздік әртісі» аталымы Сәкен театрының актері Айдос Нұрмағамбетов пен Музыкалық комедия театрының биік қуыршақтар әртісі Аружан Байдулдинаға бұйырды.

Айдосты Әлихан Бөкейхан ролімен ел жақсы таниды. Қарағандыға келгеніне көп болмаса да, ауқымды қойылымдарда басты рольдерді шебер сомдап, актерлік, әншілік талантымен талайды таң қалдырып үлгерді.

– Негізі, балет әртісімін. Алты жыл бұрын биік қуыршақ студиясына келіп, содан бері осында жұмыс істеймін. Кішкентай көрермендерімізге қуаныш сыйлағанды ұнатамын. Бұл – күтпеген сыйлық және бірінші рет осындай құрметке ие болдым, – деп бөлісті Аружан Байдулдина.

Спорттағы және театрдағы жетістіктері үшін медаль мен ақшалай сертификатты Сәкен театрының тағы бір белді әртісі Бауыржан Нұрмағамбетов алды. Ол жуырда қазақ күресінен Астанада өткен республикалық «Театр барысы» жарысында II орынға ие болған еді.

Сиқырлы театр түні өнер қарашаңырағының фойесінен басталды. Онда бутафория көрмесі ұйымдастырылып, көрермен назарына ұсынылды. Тігін цехы көрермендерді спектакльге киім дайындау жұмысымен таныстырды. Көрермен де актерлердің костюмдерін киіп, суретке түсті, гримерлер қонақтарға макияж жасауды үйретті.

Кіші залда жұрт актерлік шеберлік сабағына қатысып, осы саланың қыр-сырына бойлады.

Театрдың екінші қабатында «Ауыл кеші көңілді» алаңы жұмыс істеп, мұнда әртістер әр түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен танымал әндерді шырқады. Бұдан бөлек, қонақтар театр мұражайының экспозициясымен танысты.

«Театрдағы түн» акциясы «Бақыт қайда…» атты әлемдік мюзиклдерден құралған спектакльмен аяқталды. Әлемдік драматургияның жауһар туындыларынан құралған қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button