Теңізде қар жатыр

Сәрсенбі күні облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ пен Нұра ауданының әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВ Нұра ауданына қарасты Теңіз өңіріндегі су басу қаупі бар аумақтарды тікұшақпен аралады.

Сапар мақсаты – аудан орталығынан 200-300 шақырым қашықтықта орналасқан және бүгінде тек Астана қаласы арқылы ғана қатынау мүмкіндігі бар өңірдегі ахуалды сараптау.

2015 жылғы су тасқынында аудан орталығын Теңіз өңірімен байланыстырып тұрған Кеңжарық көпірі бұзылған еді. Сол уақыттан бері көктемнен жаз ортасына дейін бұл өңірге көлікпен қатынау мүлдем мүмкін емес. Соның салдарынан тұрғындар Астана қаласы арқылы қатынауға мәжбүр.

Сапар барысында су тасу қаупі басым Нығман, Ақтүбек, Қарақасқа, Баршын, елдімекендері мен Көң, Жаманкөң өзендерінің арнасы, аса қауіпті Қарасай, Файз бөгеттерінің жай күйі мен Құланөтпес, Баршын өзендерінен өтетін көпірлер қамтылды.

Су қоршауында қалған Құланөтпес ауылдық округінің Нығман ауылы халқымен кездесу өтті. Қорғалжын қорығының Теңіз көліне құятын Көң және Құланөтпес өзендері бойында орналасқан ауыл тұрғындары үшін көктемгі мұндай көрініс тосын емес. Ерте көктемнен тұрақты медициналық көмекті қажет ететін тұрғындар ауылдан шығарылған. Ауыл қажетті азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен толық қамтылған. Аудандық ауруханадан арнайы дәрігер де жіберілген. Бүгінде су деңгейі жергілікті атқарушы органдардың қадағалауында. Кезекшілік ұйымдастырылған. Ауылға, тек, моторлы қайық арқылы ғана қатынайды. Осы сапар барысында моторлы қайыққа қосымша қуат күші жоғары қозғалтқыш та жеткізілді. Тиісті алдын алу шаралары су басу қаупі бар Ақтүбек ауылында да жүргізілген.

Арнайы келген топ Баршын ауылына да тоқтап, бұл жерде жергілікті қауымдастық өкілдерімен қатар, Талдысай, Құланөтпес, Баршын, Жанбөбек, Тікенекті ауыл әкімдерімен кездесіп, көктемгі су тасқынына дайындық шараларын пысықтады.

Кездесуге елдімекендер тұрғындары арнайы келіп, көктемгі су тасуға дайындық пен атқарылған шараларға бақылау жүргізген басшыларға алғыс білдірді.

Жалпы, бұл өңірді қар басып жатқанымен, «су тасу қаупі жоғары» деп бағаланған Ақтүбек, Нығман, Бестамақ елді мекендері тәуліктік бақылауға алынған. Алдағы күндері сең қозғалған шақта тағы да тікұшақпен бақылау сапары жоспарлануда.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.