Жаңалықтар

Тауық жылы: кеншілер аймағының келбеті

Қарағанды облысы бойынша халықтың орташа жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 2017 жылғы қарашада 21960 теңгені құрап, 2016 жылғы қарашамен салыстырғанда 9,7%-ға ұлғайды. Оның құрылымында тамақ өнімдерінің құны – 13176 теңге, азық-түлік емес тауарлар және ақылы қызметтер – 8784 теңге.

Статистикалық бизнес-тіркелім деректері бойынша Қарағанды облысында 2017 жылғы 1 желтоқсанға 28591 заңды тұлға тіркелген. Тіркелген кәсіпорындар мен ұйымдар санының 20072-сі жұмыс істейтін болса, оның ішінде 11037-сі – белсенді көрінеді.

Тауық жылының қаңтар-қарашада облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 2037,7 млрд. теңгеге өнім өндірсе, бұл 2016 жылғы тиісті кезеңнен 4,3%-ға артық екен. Облыстың осы өнеркәсіп өндірісі көлемінің негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Ол пайызға шаққанда – 78,2%. Ал, кен өндіру және карьерлерді қазу – 12,2%, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау – 8,2%, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылау 1,4% шамасында дейді мәліметтер.

Енді ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің (қызмет) шығару көлемі 2017 жылғы қаңтар-қарашада 225 млрд. теңгеге жетіпті. Бұл 2016 жылғы тиісті кезеңнен 0,3%-ға көп. Жоғарылау – мал шаруашылығы өнімін өндірудің 3,6%-ға, оның ішінде, мал мен құстың барлық түрлерінің етін өндірудің 3,9%-ға, сиыр сүтін өндірудің 5%-ға өсуіне байланысты болған.

Тұрғын үй құрылысына 40,7 млрд. теңге бағытталған, бұл 2016 жылғы қаңтар-қарашаға 23,5%-ға көп. Облыс аумағында халық пен кәсіпорындардың жалпы ауданы 355,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, ол – 116,3%.

Жыл басынан бастап бөлшек сауда айналымы 706,7 млрд. теңгені құрады және өткен жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 7,8%-ға көбейді (салыстырмалы бағаларда). Бөлшек сауданың негізгі көлемін жеке сауда қызметін жүзеге асыратын және базарларда сататын жеке тұлғалар қамтамасыз еткен. Олардың тауар айналымы 433,5 млрд. теңгені құрады немесе өткізудің жалпы көлемінің – 61,3%-ы.

Әзірлеген: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button