Тасаттық тағылымы
Биыл табиғат тосын мінез танытып тұр. Жылдағыдай мезгілімен жауын жаумай, жердің реңі қашып, шөптің нәрі кеміген. Кенезесі кепкен дала шаруаның да, төрт түліктің де жайын ойлатпай қоймайды. Осындайда қазақтың ежелден ұстанған бір амалы бар. Ол – тасаттық.
Өткен демалыста ауылға жол түсіп, қарашаңырақтағы шаруаларға қолғабыс қылып қайттық. Ауыл халқы да осы жолы жауын тілеу ниетімен жиналып, тасаттық берді. Дегенмен, көңілде бір күпті ой бар. «Осы біз тасаттықтың түпкі мәнін дұрыс түсініп жүрміз бе? Дәстүрдің рәсімін орындағанымызбен, ішкі байыбына қаншалықты бойлап жүрміз?»

Ауыл іргесіндегі бұлақ басында құрбандық шалынып, дұға жасалды. Әйткенмен, көпшілік бас қосқан жерде әңгіме де көбейетіні кәдік. Кейде дүние дүрмегін сөз етіп, орынсыз қалжың, өсек-аяңға ерік береміз. Тасаттыққа келген жұрттың бәрі бірдей дұғаға ұйып, ниетке бекіп тұр ма? Әлде бір бөлігі қазан-ошақтың маңын төңіректеп, астың қамын көбірек күйттей ме? Ойландыратын тұс – осы.
Бала күнімізде тасаттыққа ауыл халқының түгелі дерлік жиналатын. Еңбектеген баладан, еңгейген қарияға дейін, кәрі-құртаң да, жас та, бала-шаға да ортақ ниетке ұйып, бір кісідей атсалысатын. Бұл жолы сол көпшіліктің қарасы сирегендей көрінді. Бірі күнделікті күйбең тіршілікті күйттеп, шыға алмаса, бірі мұны көптің ортақ амалы емес, санаулы адамның шаруасындай көреді. Әрине, әркімнің өз себебі бар. Бірақ, тасаттықтың өзі – жеке адамның емес, тұтас қауымның тілеуі емес пе?!
Облыстық «Әнет баба» мешітінің ұстазы Сұлтан Аманжолдың айтуынша, тасаттық – асыл дініміздегі жаңбыр сұрау амалы. Оның басты шарты – көпшіліктің ортақ ниетке ұюы.
– Тасаттық сөзі араб тіліндегі «тасаддуқ» ұғымымен байланысты. Мағынасы – Алла разылығы үшін садақа беру. Қазақ тұрмысында бұл амал қуаңшылық кезде Жаратқаннан жаңбыр тілеу, мал-жанның амандығын сұрау, жердің көгеруін, елдің берекесін тілеу мақсатында атқарылған. Исламда мұндай дұға «истисқа» деп аталады. Яғни, тасаттықтың негізінде құр рәсім емес, құлшылық, дұға, тәубе, садақа жатыр. Тасаттық кезінде ауыл адамдары мүмкіндігінше түгел жиналып, ашық жерде, өзен-бұлақ басында немесе елге ыңғайлы орында Алладан жаңбыр тілеп дұға етеді. Құрбандық шалынып, Құран оқылады. Жиналған жамағатпен нәпіл намазы оқылып, арнайы дұға жасалады. Үлкендер ізгілікке үндейтін өнегелі әңгіме айтып, қариялар бата береді. Мұнда ең бастысы – қарапайымдық, шынайы ниет, көпшіліктің бір тілекке ұйысуы. Тасаттыққа үлкендер де, жастар да, балалар да қатысқаны абзал. Өйткені, бұл – бір адамның емес, тұтас қауымның ғибадаты, – дейді Сұлтан Мауратұлы.
Бүгінгі тасаттық беруде көлеңкелі тұстар да аз емес. Кей жерде жұрттың бір бөлігі намазға, дұғаға толық қатыспай, қазан-ошақ маңында көбірек жүреді. Тіпті, бәзбіреулер мұны табиғат аясына шыққан серуендей қабылдайды. Біреулер қанша мал сойылып, қанша ет асылып, дастарқанның қалай жайылғанына бас қатырады. Ал, тасаттықтың мәні астың молдығында емес, ниеттің түзулігінде.
Табиғат жанашыры Сәкен Келдібаев та тасаттықтың бүгінгі қоғам үшін мәні тереңде екенін айтады. Уақыт ағымына қарай өткізу сипаты өзгергенімен, негізгі өзегі өзгермеуі тиіс.
– Тасаттықтың түпкі мәні – Жаратушыдан рақым тілеу, жердің кеудесі кеппей, егіннің бітік, шөптің қалың шығуын, мал-жанның амандығын сұрау. Бұл рәсімнің қоршаған ортаға қатысты тұстары да баршылық. Дәстүрдің өзінде табиғатты аялау пәлсапасы бар. Рәсім өткен жерді ластамау, суды арамдамау, қалдық қалдырмау, малдың сүйегін шашпау, бұлақ көзін ашу – мұның бәрі қазақы тәртіптің бір пұшпағы. Тасаттықтың қоршаған ортаға кері әсері болмауы керек. Су бойында өткізілген рәсім кезінде өзенге қалдық тастауға, айналаны ластауға мүлде жол берілмеуі тиіс. Себебі, су – тіршілік көзі. Тасаттық адамға өзінің табиғаттың бір бөлшегі екенін сезіндіреді. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл – қоғам назарын суды үнемдеуге, қуаңшылыққа, климаттың өзгеруіне, жайылымдардың тозуына аудартатын халықтық танымның бір көрінісі, – деді ол.
Сәкен Сәбиденұлының сөзінше, расында, қуаңшылықты тек аспаннан жауын жаумауымен ғана түсіндіру жеткіліксіз. Жердің апшысының қуырылуы, су көздерінің тартылуы, бұлақтардың бітелуі, жайылымның жүдеуі, суды ысырап пайдалану – мұның бәрі табиғаттағы тепе-теңдікке әсер етеді. Сондықтан, бүгінгі тасаттық дұғамен бірге нақты іске ұласса, құба-құп. Бұлақ көзін ашу, арық-атызды тазалау, айналаны қоқыстан арылту, ағаш отырғызу, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – осы дәстүрдің қазіргі мазмұнын тереңдете түсетін амалдар.
Осы орайда ел ішінде айтылатын бір әңгіме еске түседі. Ертеректе бір ауыл қуаңшылықтан қысылып, түгел дерлік жиналып тасаттық дұғасын жасапты. Бірақ, жауын жаумайды. Екінші рет тағы жиналады. Сонда ауылдың бір данагөй қариясы жұртқа: «Сендер жаңбыр сұрап отырғанда, қарсы беттегі жетім бала «Раббым, жаңбыр жаудырма, панамызды сақтай гөр» деп отыр екен», – дейді. Сөйтсе, әлгі жетім бала қарындасымен бірге жамау-жыртық қоста тұрады екен. Жауын жауса, бас сауғалар жері жоқ. Мұны естіген ауыл азаматтары жетімнің үйін бүтіндеп, панасын ретке келтіреді. Содан кейін ғана көктен рақым себелеп, жер көгерген екен.
Бұл тәмсілден түйеріміз көп. Тасаттықта ниетімізді түзеп, бір мезет айналамызға көз жүгіртіп, мұқтаждың жайын ойлап қойсақ құба-құп. Өйткені, береке тек тілекте емес, ниетте, бірлікте. Ал, мұндай тілек таза ниетпен, ортақ жауапкершілікпен ғана мәнді. Бәлкім, көктен күткен берекенің кілті де жердегі осындай ұсақ көрінетін істерде жатыр…
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



