Тасқынға дайындық шаралары басталды
Биыл облыс аумағында қар қалың түсті. Сәйкесінше, су тасқынының алдын алу жұмыстары ертерек басталды. Аймақтағы негізгі су қоймаларында орын дайындау шаралары жүргізілуде. Абай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Шерубай-Нұра су қоймасындағы жұмыстармен танысты.
– Қар еру маусымына дайындық жоспарына сәйкес, қазір су қоймасының сыйымдылығын арттыру үшін су ағызу жұмыстары атқарылуда. Барлығы штаттық режимде өтеді. Су деңгейін бір метрге түсіреміз. Биыл су жіберу екі апта бұрын басталды. Өткен жылы бұл жұмыстарға 7 наурыз күні кіріскен еді, – деді «Топар «МАЭС» ЖШС операциялық директоры Андрей Соловьев.
Шерубай-Нұра су қоймасы МАЭСті техникалық сумен, Топар кентін ауыз сумен, Жартас су қоймасының ұңғымаларын сумен қамтиды. Мұнда ШерубайНұра өзені ағып келеді.
Облыс әкімі су торабын аралап көрді. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, нысанның техникалық жағдайына қатысты ешқандай проблема жоқ. Сапар барысында суды ағызудың ең жоғары мүмкіндігі мен кестесі талқыланды.
Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек Тасзаимка ауылына кіреберіс жолды аралап көрді. Мұнда су қоймасынан төгілетін су келеді. Жыл сайын осы учаскеде тасқын жүреді.
Өткен жылы үш жерде су өткізгіш құбырлар төселіп, жол көтеріліп, жер біліктерімен бекітілген. Бірақ, бұл мәселені шешкен жоқ. Мамандардың айтуынша, Шерубай-Нұра өзенін қайта жаңарту қажет.
– Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Алдағы уақытта дайын жоба мемлекеттік сараптамадан өтеді және биыл қайта жаңартуды бастауға болады деп жоспарланып отыр, – деді бұл туралы Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов..
Жеңіс Қасымбек құжаттаманы уақытылы әзірлеу және қауіпті су тасқыны жағдайын жою жөнінде тапсырма берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.